БҚО-да 15 маусымнан бастап қандай шектеу шаралары енгізіледі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО-да коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында шектеу шаралары енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес карантин 15 маусымнан бастап алынғанымен, енді тек шектеу шаралары қолданылады.

Атап айтқанда, банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, отбасылық, естелік, әдет-ғұрып және өзге де адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынады.

Барлық мектепке дейінгі балалар ұйымдарында тек кезекші топтардың жұмысына рұқсат беріледі. Сондай-ақ қалалық демалыс паркі, ойын-сауық нысандары, кинотеатрлар, барлық түрдегі ойын алаңдары (аулалардағыны қоспағанда), түнгі клубтар, компьютерлік және ойын клубтары, кальяндық, букмекер кеңселері, балалардың сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлері, кейтерингтік қызметтер көрсету және мерекелерді ұйымдастыру қызметтері, діни нысандар қызметі тоқтата тұрылады.

Сол секілді меншік нысанына қарамастан, барлық ұйымдар мен кәсіпорындар санитарлық-эпидемиологиялық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуі тиіс:

-персонал мен қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен (бетперде, қолғаппен) қамтамасыз ету;

-үй-жайлардың, ғимараттардың кіретін және шығатын жерлерінде санитайзерлер орнату;

-келушілерді, клиенттерді үй-жайларға бетпердесіз жібермеу;

-үй-жайдың ішінде және сыртында адамдар арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықтың сақталуын бақылау;

-үй-жай ішіндегі адам саны бойынша шектеу қою - 20 шаршы метрге 1 адамнан артық емес;

-үй-жай ішінде кезекте 5 адамға дейінгі шектеудің сақталуын бақылау;

-үй-жайларды ылғалды жинау және дезинфекциялау күніне 2 реттен кем емес;

-келушілердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу үшін барлық нысандардың кіре берісінде қашықтық термометрияны (қол тепловизорын) жүргізу;

-жүргізілген/алынған қызметтер үшін қолма-қол ақшасыз есеп айырысу (карталар, телефондағы қосымша) үшін жағдайды барынша қамтамасыз ету.

Жұмыс уақыты мен режимі бойынша 15 маусымнан бастап мынадай шектеулер енгізіледі:

-жиналыс, кеңестерді, семинар, конференцияларды селекторлық режимде және бейнебайланыспен өткізу арқылы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің 80 пайызын қашықтан жұмыс жасау тәсіліне ауыстыру;

-ХҚО онлайн режимінде қызмет көрсетуге өту, онлайн режимде көрсетілуі мүмкін емес қызметтерді алдын ала жазу бойынша жүзеге асыру (сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін);

-медициналық орталықтар (алдын ала жазылу бойынша) сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін;

-стоматологиялық клиникалар (алдын ала жазылу бойынша) сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін;

-азық-түлік базарлары мен азық-түлік емес базарлар сауда сөрелері арасындағы қашықтықты сақтай отырып, азық-түлік өнімдерін сату тек өлшеп-оралған түрде, көкөніс пен жемістерді қоспағанда, сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін жүргізілуі тиіс;

-азық-түлік дүкендері (азық-түлік өнімдерін сату, көкөністер мен жемістерді қоспағанда, тек өлшеп-оралған түрде жүргізілуі тиіс) сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін;

-мейрамханалар/барлар/дәмханалар/асханалар және басқалары (бір уақытта 30 адамнан аспайтын келушілер санымен), қоғамдық тамақтану нысандарында кальяндарды пайдалануға тыйым салынады, үстелдердің арасындағы қашықтықты 2 метрден кем емес сақтауды қамтамасыз ету, бір үстелге отырғызу 4 адамнан аспауы тиіс, сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін;

-ауданы 2000 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес дүкендер (барлық бағыттар), сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін;

-ауданы 2000 шаршы метрден асатын сауда нысандары (сауда орталықтары, сауда үйлері) сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін, сауда нысандарының аумағында орналасқан кинотеатрлар, балалар және басқа да ойын-сауық орталықтарының, қоғамдық тамақтандыру нысандарының (асханалар, фуд-кордтар және басқалар) қызметін қоспағанда;

-банктік қызметтер, сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін;

-қонақүйлер, казармалық режимге және карантиндегі науқастарды орналастыруға арналғандарды қоспағанда;

-медициналық-әлеуметтік мекемелер сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін;

-түзету кабинеттері (алдын ала жазылу бойынша) сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін;

-шаштараздар, сұлулық салондары барлық қызмет түрлері (алдын ала жазылу бойынша), сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін;

-мектепке дейінгі балалар ұйымдарының кезекші топтары (біріккен бөбекжай және 1-ші кіші, 2-ші кіші, орта, біріктірілген үлкен және мектепке дейінгі топтар, бірақ әр жас тобында 15 баладан артық емес), жатын бөлмелерде 1 метрден кем емес қашықтықты сақтау. Балабақшаның медициналық қызметкері барлық қызметкерлер мен балаларды күнделікті таңертеңгілік фильтрден өткізуі тиіс. Учаскелік педиатрдан денсаулық жағдайы туралы анықтамалары (3 жұмыс күнінен артық болмаған жағдайда) бар балаларды қабылдау. Жіті респираторлық жұқпалар (жоғары температура, жөтел, тұмау) және басқа да жұқпалы аурулар белгілері бар балалар мен қызметкерлерді жұмысқа жібермеу;

-білім беру орталықтары, үйірмелер, балалар даму орталықтары (10 адамнан көп емес), сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін;

-спорттық нысандар (тек ашық ауада, 30 адамға дейін спортшылар үшін, көрерменсіз); 30 адамға дейін спортшылар үшін теннис корты, көрерменсіз;

-мәдениет нысандары (қызметкерлер үшін 30 адамға дейін, көрерменсіз);

-сауналар, жеке моншалар, қоғамдық моншалар 20 жуынатын орынға дейін, сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін;

-фитнес-орталықтар (10 адамнан артық емес), СПА салондар, сағат 12.00-ден 20.00-ге дейін;

-2020 жылдың 20 маусымынан бастап балаларға арналған нысандарды қоспағанда, сауықтыру және санаторий нысандарының (толтырылуы нысанның жобалық қуатының 50 пайызынан аспайтындай) жұмысына рұқсат етілсін. Демалушыларды қабылдауды денсаулық жағдайы туралы анықтамалармен және COVID-2019 зертханалық зерттеулердің нәтижелерімен (ПТР тәсілімен) жүзеге асыру қажет.

Қоғамдық көлік барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, сағат 06.00-ден 21.00-ге дейін шектеулі режим шеңберінде жүретін болады.

Қоғамдық көліктің толтырылуы қатаң түрде отырғызу орындары бойынша болуы тиіс.

Қоғамдық көлік антисептик құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс, қоғамдық көлікке тек жеке қорғану құралдарымен (медициналық бетперде, қолғаппен) кіруге рұқсат етіледі.

Такси жеңіл көлігінде 3 адамнан артық болмауы тиіс. Жеңіл көлік те жеке қорғану құралдарымен (медициналық бетперделермен, қолғаптармен) және антисептиктермен қамтамасыз етілуі тиіс.

Сонымен қатар Орал және Ақсай қалаларында, аудандардағы елді мекендерде дезинфекциялық өңдеу шаралары жүргізіледі.

Мысалы, карантиндегі емдеу мекемелері – аптасына 2 рет, сейсенбі және сенбі күндері;

-азық-түлік базарлары – күн сайын;

-тротуарлар, аялдама павильондары, алаңдар, саябақтар, гүлзарлар, контейнерлік алаңдар – күн сайын;

-мемлекеттік мекемелер мен жұмысы тоқтатылмаған өзге де ұйымдардың ғимараттары – аптасына бір рет;

-тұрғын үй кварталдарының аула аумақтары мен тұрғын үй кіреберістері - Орал қаласы мен аудандардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімдерінің басқаруымен және кесте бойынша.

Дезинфекция жүргізу кезінде денсаулыққа зиян келмеуі үшін өңдеуден кейін 5 сағат ішінде тұрғындарға далаға шықпауға кеңес беріледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдағы бірқатар базарда санитарлық талаптың сақталмағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар