БҚО-да 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биыл 19 млрд астам теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, өңірде барлығы 1,9 трлн теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба қолға алынған болатын.

Өңір басшысының сөзіне қарағанда, биылғы әлемдік пандемия және мұнай бағасының өзгеруі бірқатар жоспарларға әсер еткен. Сондықтан бірқатар жобалар келесі жылға қалдырылды. Инвесторлар бұдан бас тартып отырған жоқ. Батыс Қазақстанның инвестициялық тартымды өңір, Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетіндігін ескеріп, экономикалық жағдай түзелген кезде іске кіріспекші.

«Инвестициялардың 80 пайызы «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» мен «Жайықмұнай» компанияларына тиесілі. Біз мұнайгаз саласына тәуелділіктен құтылып, халықтың әл-аухатын арттыратын басқа салаларды дамытқымыз келеді. Мысалы, жылыжайлар, көкөніс сақтайтын қоймалар салынуда», деді облыс басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, инвесторлар кеңесінде 46 млрд теңгені құрайтын, 900-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін тағы 18 жоба мақұлданды. Төрт жоба бойынша құрылыс басталып кетті.

Айталық, Орал қаласында үш бірдей көтерме сауда-тарату орталығы салынуда. Бұл жобаларға 10 млрд астам теңге салынып, қосымша 22 мыңнан астам тонна өнім сақталмақшы.

Сол секілді 281 гектар жерде индустриялық аймақтың сыртқы инфрақұрылымы салына бастады. Ішкі инфрақұрылымды дамытып, инвесторларды тартатын шетелдік «EuralHub» компаниясымен меморандум жасалды.

Айта кетейік, биылғы он айда негізгі қаржыға 364,6 млрд теңге инвестиция қосылды.


Соңғы жаңалықтар