БҚО-да 10,4 млн астам теңгені жымқырған балабақша бухгалтері сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 10,4 млн астам теңгені жымқырған балабақша бухгалтері сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті мәлім еткеніндей, Бөрлі аудандық сотының үкімімен Ақсай қаласындағы №4 «Айгөлек» балабақша-яслиінің бухгалтері А.Түймебаев айыпты деп танылды.

А.Түймебаев 2019 жыл бойына директор мен екінші бухгалтердің электронды-санды қолдарын пайдалана отырып, «ATF Online» - АТФ банк АҚ» интернет-банкингі арқылы өзінің есепшотына жалақы мен іссапар шығындарын негізсіз аударған.

Сөйтіп ол балабақшаға тиесілі 10 458 509 теңгені жымқырып, мемлекетке ірі көлемде залал келтірген.

Сот үкімімен ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес А.Түймебаев мүлкін тәркілеусіз 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол сондай-ақ бес жыл бойы мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде, коммерциялық және коммерциялық емес мекемелерде қаржылық қызмет пен материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымды атқара алмайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да колледж қаржысын жымқырған бас есепші сотталды.


Соңғы жаңалықтар