БҚО-да 1,2 тонна балық алып келе жатқан жүргізуші ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1,2 тонна балық алып келе жатқан жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 27 наурыз күні сағат шамамен 08.30-да Атырау-Орал күре жолы бойында орын алды.

Жылдамдықты шектен тыс арттырғаны үшін 1989 жылғы А. есімді жүргізуші айдап келе жатқан «Тойота Ланд Крузер» автокөлігі тоқтатылды. Әкімшілік хаттама толтыру кезінде автокөлік салонынан тиісті құжаты жоқ 1,2 тонна қара балық табылды.

Істі одан әрі жүргізу Бәйтерек ауданы полиция бөлімінің жедел тергеу тобына тапсырылды.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 196-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда полиция қызметкерлеріне пара бермек болған жүргізуші ұсталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар