БҚО әкімі Оралдағы ауыз су тапшылығына түсінік берді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Орал қаласында ауыз суды шектеп беру әлі де жалғасатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаз басталғаннан бері су үйлерге шектеулі мерзімде берілуде. Әсіресе, жоғары қабатта тұратын тұрғындар судың жоқтығына жиі шағымданады. Оның үстіне соңғы кезде күннің қатты ысып кетуі халыққа қиын тиіп отыр.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, өткен жылдан бері кәріз құбырларында апат жиілеп кетті. Қазіргі таңда М.Шолохов көшесі бойында 5 км құбырды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл қаладағы ескі құбырларға күш түсіруде.

Қазір карантинге байланысты тұрғындардың көпшілігі үйлерінде отыр. Оған қоса жеке тұрғын үйдегілер суды бақша суаруға пайдалануда. Осының салдарынан суды тұтыну мөлшері артты.

«Күні бүгін ауыз мәселесін шешу бағытында қосымша шараларды қолға алып жатырмыз. Айталық, «Жайықжылуқуат» АҚ-дан жылу-электр орталығында температураны төмендету есебінен қосымша су беру мәселесі шешілді. Қосымша сорғы іске қосылды. Дегенмен суды уақыт бойынша шектеп беру жалғасатын болады», - деді өңір басшысы.

«Батыс су арнасы» ЖШС бас директоры Қайырғали Имашевтің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда кәсіпорын толық қуатында жұмыс жасап жатқанымен, тәулігіне 56 мың текше метр су қала қажетін өтей алмайды. Қалада жаңа шағынаудандар бой көтеруде. Қазірдің өзінде тәулігіне 65-70 мың текше метр су қажет.

«Жаңа су қоймасын салу үшін бірнеше жыл керек. Тоқпай кенішіндегі су қорын зерттеудің өзіне екі жыл керек. Ал Трекин ауылы маңындағы кеніште 11 скважина қазып, сорғыларымен жаңа резервуар қойсақ, су жеткілікті болар еді. Бұл үшін шамамен 24 млрд теңге қаржы керек. Қазір жоба дайындалуда», - деді Қ.Имашев.

«Батыс су арнасы» ЖШС басшысы қала тұрғындары бақшаларын ауыз сумен суаруды тоқтатса, су жеткілікті болатынын жеткізді. Осыған байланысты қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй жеке тұрғын үйлерге де суды шектеп беру мәселесі қарастырылып жатқандығын айтты.


Соңғы жаңалықтар