БҚО: 2020 жыл Абай, Жұбан мен Қадыр жылы ретінде айшықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – 2020 жыл Батыс Қазақстан облысы үшін Абай, Жұбан мен Қадыр жылы ретінде айшықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2020 жылы Абайдың 175 жылдығы Қазақ елінде кеңінен аталып өткені белгілі. Бұдан Батыс Қазақстан облысы да тысқары қалған жоқ.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына байланысты еліміздегі ғалымдар өз ой-толғамдарын білдірді.

Осы орайда батысқазақстандық ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр: «Бүгінде бабалар армандаған тәуелсіз Қазақстанның төрінде отырып, Абай заманындағы қазақ пен бүгінгі қазақтың айырмасы қандай деген сұраққа ойлану керек сияқты. Оза шауып бәйге алдық па, әлде дүрмектің ішінде бір-біріміздің етегімізден тартып жүрміз бе? Жаңа Қазақстанның өзегін құрайтын жаңа қоғамның азаматы Абайша айтқанда, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған толық адам болу керектігін Мемлекет басшысы терең толғаған. «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», - деген айшықты сөзі өз асылымызды тануға шақырады. Ұлт ұстазының әр сөзінен тағылым алып, егемен еліміздің еңсесін көтеру үшін, Абай тілі, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өркендеуі үшін атқарар өрелі істер күтіп тұр бізді, ағайын!» деп жазды.

«ХХІ ғасыр білектің емес, біліктің заманы. Қазақ ұлтының зияткер ұрпағы жеті жұрттың тілін, жеті түрлі білімді білуі тиіс», дейді ғалым.

Абай жылында Оралдағы орталық көшелердің біріне ақын есімін беру осындай ойлардан бастау алды.

Абайдың мерейтойына арналған шаралар Орал төрінде салтанатпен ашылып, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалынан Еуразия даңғылына Абайдың есімін беру туралы ұсыныс түсті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен, халықтың қолдауымен Абайдың 175 жылдығы елімізде жоғары деңгейде аталып өтілуде. Барлық ұлттың ұлылары сияқты, Абайдың да есімін жаңғырта беруге тиіспіз. Абай қай ғасырда да жасай береді, ол мәңгілік. Кеңес дәуірінде Абайдың әкесі Құнанбай бай болғандықтан, төрге оза алмады. Ақын деп айтылғанмен, ұлттың ұлы перзенті ретінде танылған жоқ. Енді еліміз тәуелсіз болғаннан кейін Оралдағы күретамыр көшенің бірі – Еуразия даңғылын Абайдың есімімен атасақ, жарасады деп сенеміз», деді белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының басшысы Ақұштап Бақтыгереева Орал қалалық ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау жөніндегі жұмыс тобының кеңейтілген отырысында.

Бұл ұсынысты зиялы қауым өкілдерімен бірге аталған жұмыс тобы мен қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары да мақұлдады.

Халықтың қолдауы нәтижесінде Еуразия даңғылы Абай даңғылы болып өзгерді.

Бұл туралы шешім облыстық мәслихаттың кезектен тыс 37-сессиясында қабылданды.

БҚО әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулысы мен шешімі тіркеу үшін облыстық әділет департаментіне жолданды.

Оралда Абай даңғылы салтанатпен ашылып, оған мәртебелі меймандар қатысты.

Қазақстанның Еңбек Ері, атақты кино және театр актері Асанәлі Әшімов: «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп ұлы ақынымыз айтқандай, Абайдың сөздері жанданып жатыр. Жұбан мен Қадыр тойының да жоғары деңгейде өтуі – осы сөздің дәлелі. Биыл Абай жылы аясында елімізде көптеген шаралар атқарылды. Мұхтар Әуезов атындағы театрымызда Абайдың қара сөздерінен, өлеңдерінен екі спектакль қойғыздық. Абайды құрметтейтін, қастер тұтатын елі аман болсын, ұрпақтары жасай берсін», деді.

«Абай – ұлтымыздың ұстазы, халқымыздың темірқазығы. Мемлекетімізге бағыт беретін, әлем көгінде жарқырап тұрған жарық жұлдызымыз. Мұнда жазулы тұрған «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек» деген Абай сөзіне зер салсақ, толық – кемел адам деген сөз. Абай толықты екіге бөледі. Адамдыққа толық адам, надандыққа толық адам. Біз Абайдың адамдыққа толық адам деген жолын ұстансақ, ешкімнен кем болмаймыз. Міне, енді Абай жырының сәулесі ақын есімін алған даңғылға түсіп, нұрландырып тұр. Абайдай өмір сүрейік, абайлап өмір сүрейік», деді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Ұлы ақынның 175 жылдығына орай Абай алаңы да абаттандырылып, қайта жаңғыртылды.

Абай жылымен оның заңды мұрагерлері іспеттес қазақтың ақиық ақындары, Қазақстан халық жазушылары Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлидің мерейтойлары да тұспа-тұс келді.

Жұбан Молдағалиевтің100, Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына орай өңірде жыл бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде ең бастыларын айтуға болады.

Облыста Жұбан ақынның 100 жылдығына арналған «Қиял қанаты» республикалық дуэт (поэзия мен сурет) онлайн байқауы өткізілді.

Мұндай сипаттағы бәйге елімізде алғаш рет ұйымдастырылды. Байқаудың ерекшелігі, ақын мен суретші жұп құрып, өлеңі мен суретін бірге бәйгеге қосуы керек болды. Яғни жыр мен бояу көркемдігі өз алдына, бір-бірімен үндесіп тұруы қажет. Қазылар алқасы да шығармаларды авторларын білместен, бүркеншік есіммен талқыға салып, қорытындысын шығарды.

Оралда Жұбан ақынға еңселі ескерткіштің орнатылуы айтулы оқиға болды.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақ Жайық жұртшылығын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығымен құттықтап, шынайы тілегін білдірді.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды.

«Биыл қазақтың ақиық ақыны, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Жұбан Молдағалиев – төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер. Ол – ұлтжандылық пен отансүйгіштіктің озық үлгісін көрсетіп, еліне адал қызмет еткен қоғам қайраткері. Аса көрнекті ақын еліміздің бірқатар басылымдары мен Жазушылар одағын басқарып, әдебиет пен ақпарат саласын дамыту жолында аянбай еңбек етті. Жұбан Молдағалиев Отанға деген ыстық махаббат пен ерекше сүйіспеншілікке толы туындылары арқылы тұтас халқымыздың рухын асқақтатты. Әсіресе, оның «Мен – қазақпын!» атты поэмасы ұлттық ерекшелігімізді айшықтап, қанымызға сіңген асыл қасиеттерімізді дәріптейді. Сондай-ақ қазақтың намысын жанып, елдікке шақырады, ерлікке үндейді. Халқымыз Жұбан Молдағалиевтің қоғамды дамыту мен әдебиетімізді өркендетуге сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды. Ел тарихында өшпес із қалдырған біртуар тұлғаның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі бола береді деп сенемін», делінген құттықтау хатта.

«Ақ Жайықтан түлеп ұшып, қыран болған, халқына ұран болған Жұбан ағамызға Оралдың төрінде ескерткіш орнатылуы – ел өміріндегі елеулі оқиға. Бұл осындағы Сырым мен Абайдың ескерткішіне серік болып тұр, қалаға көрік беріп тұр. Бұл жер ұрпақтардың тәу етіп, тағзым ететін, ғашықтардың гүл қойып келетін қасиетті орнына айналары анық. Бұл – найзағай поэзияға орнатылған ескерткіш, бұл – қазақтың ар-намысына қойылған ескерткіш», деді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Сондай-ақ Оралда «Қазақтың Қадыры» атты жыр мүшәйрасы мәреге жетіп, «Жайықтың қос қыраны» атты республикалық айтыстың жеңімпаздары анықталды.

«Айтыс - қазақтың төл өнері. Бұл сайыс індеттен кейін алғаш, көрерменсіз өтті. Телевизиялық нұсқасы «Қазақстан« телеарнасынан көрсетіледі. Айтыста шындық айтылып, оған ешкім ренжімеуі керек. Шындықтың жолы тар, бірақ бар. Тек сонда ғана өнер өседі, дамиды. Халқымыздың сөз өнері өлмейтініне осы айтыс та дәлел», деді айтысты бағалаған қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов.

Экономика мен әлеуметтік саладағы табыс-жетістіктер өз алдына, облыс руханияты осылайша дүр сілкініп, бір жасап қалды. Қазіргі таңда Орал қаласына келген әр адам Абай даңғылымен жүріп өтеді. Абай алаңына соғып, хакімнің қара сөздерін оқиды. Жұбан ескерткіші жанында аялдап, ақын рухына тағзым етеді. Ал Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы шын мәнісінде руханият сарайына айналып отыр.












Соңғы жаңалықтар