«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасынан салалық шектеу шарттары алынып тасталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметов қазіргі кезеңде шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың қандай тетіктері барын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясына байланысты жарияланған карантин мен мәжбүрлі шектеу шаралары шағын және орта бизнеске кері әсерін тигізіп отыр. Нақтырақ айтқанда, негізгі зардап шеккен кәсіпорындар – қоғамдық тамақтандыру орындары, туристік фирмалар, қонақ үйлер, ірі сауда орталықтары, білім беру және көлік қызметі секілді тағы да басқа халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілер. Әрине, бұл - өзінің қызметін мәжбүрлі түрде тоқтатқан шағын және орта кәсіпорындарының толық тізбесі емес. Қазір қалыптасқан жағдайға байланысты министліктің алдында дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу міндеті тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің шешімімен салықтық ынталандыру, жалдық және коммуналдық қызметтер төлемін кейінге қалдыру, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңтайландыру, жеңілдікті қаржыландыруға қол жеткізу секілді бірқатар шара қабылданғанын білесіздер», - деді Шыңғыс Ахметов ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Департамент директоры өз сөзінде «Бизнестің жол картасы - 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілеріне қандай нақты қолдау шаралары іске асырылып отырғанына тоқталды.

«Бұрын «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасының шарты бойынша экономиканың нақты салаларын ғана қолдау көзделетін. Яғни, арнайы салалық шектеулер бар еді. Қазіргі жағдайды ескеріп, бүкіл шағын және орта бизнесі субъектілерін қолдау міндетін түсіне отырып, аталған бағдарлама шеңберінде салалық шектеулер алынып тасталды. Дегенмен бағдарлама шеңберінде екі шектеу күшінде қалады. Біріншісі – сауда саласында жылжымайтын мүлікті, құрал-жабдықтарды сатып алу сияқты инвестициялық мақсаттарға бағытталған несиелерді бағдарлама шеңберінде алуға болмайды. Бірақ сауда қызметін қолдау мақсатында айналым қаражатты қаржыландыратын несиелерді алуға болады. Айналым қаражат – тауарларды сатып алуға, жалдық төлемді төлеп, жұмысшылардың айлығын төлеуге қолданыла алады», - деді ол.

Шыңғыс Ахметов екіншіден Қазақстанның кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік қолдау шаралары берілетін кәсіпкерлік субъектілері де барын атап өтті.

«Мысалы олар: акцизделетін өнім өндіретін және көтерме сауда, лотерея ойнату, ойын бизнесі, банктің қызмет, аудиторлық қызмет. Осындай 12 қызмет түрінде еңбек етіп жүрген ШОБ субъектілері мен басқа да кәсіпкерлер бұл бағдарлама шеңберінде қолдау ала алмайды. Осы екі шектеуді есептемегенде кез келген шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бағдарламаға қатысып, жеңілдікпен несие ала алады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар