Бизнестің қарсы міндеттемесін бақылау жүйесіне 1700 кәсіпкер тіркелді - Мырзахметов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бизнестің қарсы міндеттемесін бақылау жөніндегі Президенттің тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет тарапынан көптеген бағдарлама арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Осы бағдарламаларда кәсіпкерлердің қарсы міндеттемелерін цифрлық жүйе арқылы бақылау тапсырылған болатын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұндай мемлекеттік ақпараттық жүйені дайындады. Ол жүйе өткен жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысына таныстырылды. Қазір ерікті түрде 1700 компания осы жүйеге тіркелген. Яғни бұл бағдарламаның ішінде барлық компанияның міндеттемесін көруге болады», - деді Абылай Мырзахметов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, осы жүйе арқылы 1700 кәсіпкердің қандай бағдарлама бойынша мемлекет тарапынан көмек алды, салығы қанша, экспортқа шығу әлеуеті – бәрін бақылап отыруға болады.

«Ендігі кезекте – мұны заңды түрде барлығына міндеттеу. Мемлекет басшысы күзде осы мәселені аяғына жеткізуді тапсырды. Егер 15 мың кәсіпкердің бәрі осы жүйеге тіркелсе, олардың қарсы міндеттемелерін көріп отыруға болады», - деді ол.

Еске сала кетсек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің қарсы міндеттемесін бақылау керектігі жөнінде тапсырма берген еді.

«Біз бизнестің қарсы міндеттемесін бақылауымыз керек. Бірінші кезекте, жұмыс орындары мен айлықтың сақталуына назар аударылуы тиіс. Үкімет пен «Атамекен» бизнес міндеттемесінің цифрлық тұрғыда бақылануы бойынша жұмысты 2 айдың ішінде аяқтауы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Соңғы жаңалықтар