Бізді Атыраудың экологиялық жағдайы алаңдатады – Мағзұм Мырзағалиев

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырауда жергілікті ҮЕҰ өкілдерімен, экобелсенділермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр кездесуде өңір экологиясын жақсартуға байланысты белгіленген жоспарларды тиімді іске асыру үшін бірлескен жұмысты күшейтудің маңызына тоқталды.

«Бізді аймақтағы экологиялық жағдай алаңдатады. Атырау еліміздің ең ластанған қалаларының қатарына кіреді. Әрине, бұл жағдайды жақсарту қажет. Бұл маңызды жұмыста белсенді азаматтар тарапынан қолдау, көмек қажет. Мен қашанда сындарлы диалогқа ашықпын», - деді министр.

Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысының экологиялық проблемаларын шешу үшін 40 іс-шарадан тұратын Жол картасы әзірленгенін атап өтті. Олардың қатарында жаңа кәріздік тазарту кешендерін салу және ескілерін қалпына келтіру, «Сасық сай» және «Шаршы» булану алаңдарын рекультивациялау, Орал өзенінің бассейнін көгалдандыру, тазарту, сауықтыру және басқа да маңызды іс-шаралар бар.

«Біз Атыраудың экологтарымен, қоғам өкілдерімен бірнеше рет кездестік.

Кездесулеріміздің нәтижесі – Жол картасын қабылдау. Жаңа Экологиялық кодекс те осы бағытта перспективалы мүмкіндіктер ашатынын атап өткім келеді. Ең маңыздысы, кодекс ірі ластаушы кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді», -деді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде 1-санатқа жататын кәсіпорындар ең озық қолжетімді технологияларды енгізу бойынша дайындық шараларын жүргізуді бастады. Демек, болашақта атмосфераға ластаушы заттардың шығарындылары айтарлықтай азаяды.

Сондай-ақ, министр Атырауда өңірдің экологиялық проблемаларын тіркейтін фронт-офис ашуды ұсынды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Экология кодекс талқыланғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар