Бізде атом саласында мамандар бар, бірақ оларға жұмыс жоқ – Тимур Жәнтікин
2022 жылғы 21 мамыр 17:10

Бізде атом саласында мамандар бар, бірақ оларға жұмыс жоқ – Тимур Жәнтікин

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жәнтікин Қазақстанда осы салада мамандар әзірленіп жатқанымен, лайықты жұмыс табу қиын екенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда АЭС салу мәселесі қозғалған сайын сала мамандарының тапшылығы туралы әңгіме бірге шығады. Дегенмен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен ядролық физика және жалпы сала мамандарын дайындау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мамандар даярлап келеді.

Мәселен, ҚазҰУ-да Дубна университетімен бірлескен «Ядролық физика» білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриатта екі дипломды жүйе енгізілген. Сондай-ақ, оқу орны «МИФИ» ұлттық зерттеу ядролық университетімен бірлесіп, «Теориялық ядролық физика», «Ядролық медицина» (1+1) магистратурасының екі дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылған.

2019 жылы Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ «Ядролық технологиялар саласындағы білім беру және мамандарды даярлау (STAR-NET)» өңірлік желісінің мүшесі болды, сондай-ақ АЭХА аясында Ядролық технологиялар саласындағы мамандарды даярлаудың әлемдік деңгейіне шықты.

Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Біріккен ядролық зерттеулер институты арасында ядролық физика және жаңа материалдар саласындағы PhD докторанттарын бірлесіп даярлау қолға алынған. Сонымен қатар, «Ядролық физика» мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураның қос диплом бағдарламасы бойынша Дубна университетімен бірлескен дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, «Ядролық физика» және «Ядролық медицина» мамандықтары бойынша кадрлар даярлау үшін Обнинск қаласындағы медициналық радиологиялық орталықпен шарт жасалған.

2018 жылдан бастап аталған университет пен «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК базасында жыл сайын ядролық және техникалық физика, сондай-ақ материалтану саласында 120-дан астам студент үшін практика ұйымдастырылып келеді.

Аталған білім беру бағдарламалары бойынша «ядролық энергетика технологиялары», «атом өнеркәсібінің технологиялары», «уран өндіру және қайта өңдеу», «уран химиясы мен технологиясының негіздері», «ядролық отын алу технологиясының негіздері», «дозиметрия, радиациялық және ядролық қауіпсіздік негіздері», «нейтрондық негіз» сияқты пәндер оқытылады.

Бүгінгі таңда жалпы білім алушылар контингенті – 4070 адам (бакалавриат – 3590, магистратура – 397, докторантура - 83 ). Салаға 2021-2022 оқу жылына 2924 грант бөлінді.

ҚР Энергетика министрлігінің хабарлауынша, «Біріккен ядролық зерттеулер институты» халықаралық ұйымымен ынтымақтастық шеңберінде 2010 жылдан бастап 2022 жылға дейін атом саласының мамандықтары бойынша 150-ге тарта бакалавриат пен магистрант оқудан өткен.

Атом саласында кадрлар даярлауды көздейтін меморандумдар Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігімен (2014 жыл), Беларусь Республикасының Энергетика министрлігімен (2018 жыл) және «Росатом» атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясымен жасалған болатын.

2022 жылы ҚР Энергетика министрлігі мен «Росатом» атом энергиясы мемлекеттік корпорациясы (Ресей Федерациясы) арасында Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қадрларды даярлау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандумда тараптардың бірлескен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруға, бакалавриат, магистратура, аспирантура бағдарламалары бойынша білім алушылар мен оқытушылар алмасуға, оқу және ғылыми әдебиетті әзірлеуге, қысқа мерзімді тағылымдамалар мен семинарларды ұйымдастыруға ниетті екені айтылған.

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры, атом энергетика саласының беделді маманы Тимур Жәнтікиннің пікірінше, мұндағы басты мәселе - жоғары оқу орындарын бітірген түлектерге Қазақстанда мамандық бойынша жұмыс жоқ. Олар басқа салаларда жұмыс істеуге мәжбүр. АЭС жобасы нақтыланған жоқ, атом-энергетика саласын дамытудың нақты бағдарламасы әзірленбеген. Сондай-ақ, ең маңызды тағы бір мәселе бар, бірақ үнемі назардан тыс қалып жатады. Атом саласы туралы айтқанда, мықты қадағалау органын құру туралы ойлану керек.

«Біз атом энергетикасын дамытамыз дейміз де, қадағалау мәселелерін айтпаймыз. Семейде ядролық қаруды сынақтан өткізгеннен кейін атом сөзі қолданылса, қоғам тарапынан оны қандай да бір жарылыспен байланыстыру әдетке айналды. Сондықтан, бұл үшін жақсы қадағалау органы қажет және ол мықты мамандардан құралуы керек», - деді маман.

Айта кетейік, Қазақстанда атом электр станциясы құрылысының аспектілерін зерттеу жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады.

Сондай-ақ, Ресей тарапы Қазақстанның уран өндіру саласына инвестиция салуға мүдделі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Қазақстанға жұмыс сапарымен келген «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевпен кездесуі барысында мәлім болды.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT