Біз Ұлы Абай аңсаған қоғам құруға қадам басып келеміз – Алтай Көлгінов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласы жарық көріп, қоғам қызу талқылап жатыр. Абай философиясы уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, керісінше, жаңа ғасырда да ұлт тәрбиесінің алтын қазығы болатыны жайлы аталған мақалада жан-жақты көрсетілген. Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаласында былай деп жазады: «Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет. Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, »Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап« деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында», - деп жазады қала басшысы Facebook-те.

Оның атап өтінше, елордамызда тұрғындардың білім алуына, ғылыммен терең айналысуына, жұмыс істеуіне, спортпен шұғылдануына, жалпы өзін-өзі дамытуға жағдай жасалған. Адам өзін-өзі үздіксіз дамытуының басты кілті – өзін-өзі жеңе білуі. Еріншектікті, жалқаулықты еңсеріп, еңбек еткенде ғана адам сергек жүрмек.

«Біз қалай десек те, Ұлы ойшыл аңсаған қоғам құруға қадам басып келеміз. Тәуелсіздігіміздің арқасында өшкеніміз қайта жанып, ұлт ретінде санамыз қайта жаңғырып жатыр. Бұл – бізді қуантады. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абай бабамыздың бірлікке шақырған сөзін ұран етіп, әрқайсымыз өз еңбегімізбен ақырын жүріп анық бассақ, еңбегіміз еш уақытта далаға кетпес. Биыл - Ұлы ойшылдың 175 жылдығы. Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен Білім күні Нұр-Сұлтан қаласында №87 қазақ орта мектебі ашылды. Айта кету керек, аталған мектепте Абай музейінің де негізі қаланды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл елордамызда «Абай әлемі» орталығы ашылады. Қазір орталықтың орны анықталды, құрылысы басталады. «Абай әлемінің» ұлт руханиятының дамуына зор үлес қосары сөзсіз», - деді Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар