Біз мүлдем басқа планетаға оралдық - астронавт Джессика Меир

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 17 сәуір күні Жерге қонған «Союз МС-15» кемесінің экипажы әлеуметтік желіде өз әсерлерін бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресейлік ғарышкер Олег Скрипочка Роскосмос басшысына экипаждың Жерге қалыпты жағдайда түскенін айтты. 50 жастағы Олег Скрипочка осымен үшінші рет ғарыштық экспедицияға шығып отыр. Бұл жолы ғарышкер 205 тәулік ұшса, тұтас ғарыштық мансабында ғарыш кеңістігінде 536 күн болған.

Ал америкалық астронавт Джессика Меир үшін бұл - алғашқы ғарыштық ұшу. Ол өзінің Twitter парақшасында Жердің коронавирус пандемиясынан кейін өзгеріске ұшырағанын жазды.

«Біз мүлдем басқа планетаға оралдық, бірақ Жер бұрынғыша әсерлі болып қала береді», - деп жазды Дж. Меир.

43 жастағы америкалық астронавт Эндрю Морган үшін де бұл алғашқы және рекордтық ұшу болды. Әскери ұшқыш әріптестеріне қарағанда, орбитада 272 тәулік болды және ашық ғарышқа 7 рет шықты.

Карантин кезінде құтқарушылар мен дәрігерлер экипажды маскамен және бетпердемен күтіп алды. Ғарышкерлер жақын маңдағы Жезқазған немесе Қарағандыға емес, бірден Байқоңырға жеткізілді. Сол күні Олег Скрипочка Байқоңырдан Мәскеуге ұшты.

Ал америкалық Меир мен Морган Қызылордаға барып, НАСА ұшағымен АҚШ-қа ұшып кетті.

Авторы: Сара Қабиқызы
Соңғы жаңалықтар