«Biz Birgemiz»: Самал Еслямова марапатталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Құмар Ақсақалов «Biz Birgemiz» республикалық акциясына белсенді қатысқан еріктілерді Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хаттарымен марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы көшбасшысының қолтаңбасы бар Алғыс хатты Құмар Ақсақалов 13 волонтерге тапсырды, олардың арасында – бизнес, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, журналистер, спортшылар, мәдениет қайраткерлері бар. Барлығы облыс бойынша марапатқа 87 адам ие болды.

«Жұқтыру қаупінің жоғары болуына, ауа-райы жағдайына және басқа да қиындықтарға қарамастан, волонтерлер мұқтаж азаматтардың үйлерін аралап, оларды азық-түлікпен, антисептикалық құралдармен қамтамасыз етті. Мұндай жастарға құрмет көрсету керек, олар үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істеді, күн сайын 6-7 мекенжайды аралап, өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін білдірді. Біздің волонтерлеріміз бұл жылдың олардың құрметіне бекер аталмағанын іспен дәлелдеді. Сіздердің риясыз және адал жұмыстарыңыз үшін үлкен рахмет», - деді партияның аймақтық филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов.

Елбасы атынан алғыс алғандардың арасында – «Моржи Petropavlovsk 15» бірлестігінің жетекшісі Ерік Мағамбетов те бар. Төтенше жағдай уақытында ол және бірлестіктің мүшелері Петропавлда тұратын 70 отбасына көмек көрсетті.

«Елбасы атынан алғыс хатпен марапатталғаныма қуаныштымын. Бізге көмектесіп, азық-түлік, баса да керекті заттарды жинауға көмектескен адамдарға рахмет айтамын. Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған үндеуімізге көптеген тұрғын үн қосты, қаражаттарын сеніп тапсырды. Барлық ақша мұқтаждарға үлестірілді. Нұротандықтарға жұмысты үйлестіргені үшін алғыс айтамын, қиын кезеңде біз біргеміз екенімізді дәлелдедік», - деп атап өтті Ерік Мағамбетов.

«Nur Otan» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Biz Birgemiz» акциясы өңірде 18 наурызда басталды. Іс-шараға түрлі сала өкілдері қатысып, үлес қосты. Соның ішінде танымал актриса Самал Еслямова да бар.

Акция аясында мұқтаж жандарға азық-түлік, бірінші қажеттілік тауарлары, антисептикалық және қорғаныс құралдары тегін таратылды. Осылайша облыстың 2,5 мыңнан астам тұрғынына көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, «Birgemiz» қоғамдық қорынан өңірдің мұқтаж тұрғындарына 50 мың теңге көлемінде қаржы үлестірілді. Нәтижесінде Петропавл және облыс аудандарының 18 мың 800-ден астам тұрғынына 944 млн теңге сомасында қолдау көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар