«Біз барлық жетістікке ынтымақтың арқасында қол жеткіздік»: Елбасының қанатты сөздері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір, қоғам, еліміз туралы айтқан қанатты сөздерін ұсынады.

Президенттік туралы

«Халық пен Президент әрқашан бірге болуға тиіс. Сонда ғана жетістікке жетеміз. Менің аға буын өкілдеріне айтарым, сіздердің даналықтарыңыз жастардың дұрыс жолмен жүруіне, Отанды сүюіне, мемлекетті нығайтуына, Тәуелсіздікті қорғауына және жарқын болашақ үшін еңбек етуіне жәрдемін тигізуі тиіс».

(2019 жылғы 21 маусым, «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзі)

«Президент Тоқаев менімен кеңеседі. Ондай жағдайда көпжылдық мол тәжірибесіне жүгініп, елге игілік әкелердей ақыл-ой қосуға тырысамын. Бірақ ақырғы шешімді бәрібір Президенттің өзі қабылдайды. Себебі біздің Президенттің өзі күн тәртібіндегі бірінші мәселе ретінде қазақстандық саясаттың сабақтас­тығы сақталатынын жариялады. Мен де даму, елдің тұрақтылығы бағытындағы сабақтас­тықтың үзілмеуін қолдаймын».

(2019 жылғы 11 қазан, «Хабар» арнасына берген сұхбатынан).


Ел бірлігі туралы


«Біз барлық жетістікке ынтымақтың арқасында қол жеткіздік. Мемлекеттілік – ең алдымен тәуелсіздік, патриотизм және халықтың рухы деген сөз. Мен осы қастерлі құндылықтарды әрдайым ұлықтап, сақтауға тырыстым».

(2019 жылғы 21 маусым, «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзі)

«Азаматтарымыз қиын-қыстау кезеңде жалғыз қалмайтынын, бірлесіп көмектесетін халықтың барын түсінді. Әр азаматтың артында жауапкершілігі мол мемлекет бар».

(2020 жылғы 11 қараша, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзі).

Қоғамдағы сенім туралы


«Өзекті мәселелер туралы ашық айтып, олардың жергілікті жерде шешілуіне атсалысу керек. Біздің міндетіміз – қоғамның сенімін арттыру. Бұл үшін бүкіл қоғамның, саяси күштердің, бизнестің, зиялы қауымның, сарапшылар мен азаматтардың диалогы қажет. Қолда бар барлық алаңды пайдалануға тиіспіз. Нақты мәселелерді шешуге бағытталған жұмыс жүргізу қажет. Біз азаматтарымыздың болашаққа нық сеніммен қарауына жағдай жасауымыз керек»

(2019 жылғы 16 тамыз, «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі Бюросының отырысында сөйлеген сөзі)

Коронавирус пандемиясы туралы


«Біз қазір «дүлей дауыл» деп сипаттауға болатын үлкен қауіп-қатер алдында тұрмыз. Шешу жолдарын табу тұрғысынан күрделі боп отырған қазіргі ахуал бір жағынан 1990-шы жылдардың басындағы жағдайға ұқсайды. Ол кезде біз шын мәнінде өте қиын жағдайда болған едік.

Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырамын».

(2020 жылғы 20 наурыз, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына үндеуі).

Ядролық қарусыз әлем туралы


«1991 жылғы 29 тамызда менің Жарлығыммен әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигоны жабылды... Бұл халқымыз үшін 40 жыл бойы күткен тарихи шешім еді. 1949 жылғы 29 тамызда Қазақстанда Кеңес Одағының бірінші атом бомбасы жарылып, орасан зор экологиялық және адами трагедияға әкеп соқтырды. 40 жыл ішінде полигон­да 456 ядролық сынақ өткізілді. Кем дегенде 500 мың адам радиация залалын тартты. 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сесиясы Қазақстанның бастамасы бойынша 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Бұл күн 2010 жылдан бері бүкіл әлемде аталып келе жатыр».

(2019 жылғы 29 тамыз, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» сыйлығын тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзі).

Анаға құрмет жайлы


«Әлемдегі ең маңызды нәрсе әйелдің қолынан келеді. Ол адамға өмір сыйлайды. Орта есеппен, бір отбасында үш бала тәрбиеленіп отыр десек, бір жылда шамамен 400 мың сәби өмірге келеді. Бала – бір отбасының байлығы мен мақтанышы ғана емес, тұтас елдің баға жетпес капиталы. Сондықтан біздің аналарымыз, әсіресе көп балалы аналар, ерекше құрмет пен алғысқа лайық. Олар халқымыздың игілігін еселеп, нағыз ерлік көрсетіп отыр».

(2019 жылғы 7 наурыз, Ақордада әйелдер қауымымен кездесуінде сөйлеген сөзі).

Жас ұрпақ туралы


«Жастар – еліміздің қазіргі әлем­дегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның бола­шағы сіздерге – сіздердің білім­деріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланыс­ты. Біз қазір жасап жатқанның бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз үшін, сіздер өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық мәнде жүзеге асыра алуларыңыз үшін жасалып жатыр.

Біздің әрқайсымыз өз тағдырымызды өзіміз жасаймыз. Өмірлік табысқа жету үшін, бірінші кезекте, отбасылық игіліктер мен кәсіби жетістіктердің кепілі болып табылатын зор денсаулыққа ие болу қажет»

(2019 жылғы 23 қаңтар, Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзі).

Тарих туралы


«Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек».

(«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан).

Ұлт Көшбасшысы ретінде мақсаты туралы


«Менің мақсатым – Ұлт Көшбасшысы ретінде Қазақстанды болашақ ұрпақ мақтанатын деңгейге көтеру. Аға ұрпақтың міндеті: адамдарға біздің ортақ міндетіміз – тәуелсіз, дамыған және тұрақты мемлекетті сақтау екенін түсіндіру».

(2020 жылғы 11 ақпан, Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзі).


Соңғы жаңалықтар