Биылғы оқу жылы несімен есте қалды - Мектеп директорымен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін республика мектептерінде оқу жылы аяқталып, соңғы қоңырау рәсімі онлайн түрде өтті. Бұл кезең білім беру саласындағы күтпеген жаңалықтар мен өзгерістерге толы болды. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицей директоры Сапура Төлекова оқу жылын қорытындылап, ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Сапура Сейдуәліқызы, кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтаймыз! Бүгінгі соңғы қоңырау қалай өтті? Мұнда ерекше оқиға тарихта бірінші рет болып тұр ғой ?

- Көп рахмет, өте ерекше өтті. Бос тұрған мектепте соңғы қоңырау өткізу біртүрлі екен. Мұғалімдер үйден жұмыс істеп жатқандықтан, әр сынып жетекшісі өз оқушыларымен Zoom мобильді қосымшасында бас қосты. Мектебімізде жыл сайын 20-25 мамырда «Біздің сыныптың бір жылы» атты тәрбие сағаты болатын. Бүгін соңғы қоңырау ретінде сол шараны онлайн форматта өткізіп жатырмыз. Онда мектеп басшылығының құттықтауы беріледі, бір жыл бойғы сыныптағы ерекше шаралар, жетістіктер талқыланып, мақтау қағазын алған балалардың есімі аталады. Жазғы уақытты тиімді өткізу туралы еркін форматта пікірлесу болады. Бүгін де қорытынды сынып сағаттарына оқушылар мен ата-аналар бірлесіп қатысып отыр. Көпшілігіне мұндай соңғы қоңырау ұнамағаны түсінікті. Бірақ, қазіргі талапты түсініп, қашықтан өткізуге мәжбүр болып отырмыз.

Коронавирусқа байланысты мақтау қағаздары электронды нұсқада беріледі. Оны пошта немесе Күнделік порталы арқылы жіберуге болады, кей ата-ана WhasApp арқылы сұратып жатыр. Бірақ мөрі басылған, тіркеу нөмірі қойылған қағаз нұсқадағы мақтау қағазы да болуы міндетті. Мектепке балалар шақырылмайтын болғандықтан, мақтау қағазын оқушының жеке құжатына қосып қоямыз.

- Түлектерге ойыссақ, ҰБТ мен мектеп бітіру кешін қалай өткізесіздер ?

- Мектеп бітіру кеші болмайды. Түлектер үшін аттестат тапсыру рәсімі әрі соңғы қоңырау ретінде 3-4 маусымға жоспарланған. Біздің мектепте 5 сынып бітіретін болса, әр сыныптың салтанатты рәсімі бір сағат аралықпен түрлі уақытқа қойылады. Оған маска киіп келу міндетті. Барлығы таза ауада өтеді және ара қашықтық сақталуы тиіс. Оның өзін ата-аналар карантиндік шаралар күшейіп, өтпей қала ма деп уайымдап жатыр. Әзірге түлектердің аттестат тапсыру рәсімін тоқтату туралы нұсқаулық болған жоқ.

ҰБТ да жоспар бойынша өтеді деп күтіп отырмыз. 10 мамырға дейін балалар ҰБТ-ға өтінішті онлайн беріп, рұқсатын алды. Енді 20 маусымнан 5 шілдеге дейін тест тапсырады. Тестілеуде еш өзгеріс жоқ, тек аудитория мен орын санын көбейту көзделген. Өйткені бір аудиторияда бұрын 100 адам отырса, қазір 50-ден аспауы тиіс.

Сол себепті, бұрын ҰБТ күнара өткізілсе, биыл күн сайын өткізіледі.

- Биылғы оқу жылы қандай өзгерістермен есте қалды? Қандай жаңалықтар болды?

- Жеке өзім басқарушы ретінде байқағаным, көптеген нормативтік-құқықтық бұйрықтарға өзгеріс енгізілді. Мысалы мұғалімдерді аттестаттау талабы өзгерді. Биылғы оқу жылынан бастап, директорлар мен директордың орынбасарлары да педагогтар секілді атестаттаудан өтіп, өз еңбекақысын көбейте алатын жағдай енгізілді. Әдетте мектептегі менеджерлік құрамға жастарды шақырғанда, айлығы аз деп бас тартатын. Журналистердің бірі білсе, бірі білмейді, ең көп жалақыны мұғалім алады. Одан төмендеу ақыны - директордың орынбасарлары алады. Директордың орынбасарынан да төмен жалақыны директор алатын. Ал енді дииректор мен орынбасарлар да атесттациялау арқылы тест тапсырып, өз жұмыстарын көрсетіп, еңбекақысын көбейте алады.

Сонымен бірге, педагогтардың тізбесіне өзгеріс енгізілді. Бұрынғы тізбеде мамандар педагогтар және педагогқа теңестірілгендер деп бөлінетін. Яғни, мектепке дейінгі мекемелердегі, балабақшалардағы тәрбиешілердің еңбек демалысына аз күн беретін. Мектепте жұмыс істейтін психологтар, әлеуметтік педагогтар мен дефектологтар да педагог емес, педагогқа теңестірілгендер болып саналатын. Енді олардың барлығы бірдей педагог санатына енгізіліп, тиісті басымдықтарды пайдалана алады.

- Жылдың ең басты жаңалығы - қашықтан оқыту болған сияқты?

- Әрине. Қашықтан оқытуды бірнеше жыл айтып келсек те, толық кіріспеген едік. Коронавирус инфекциясы тараған соң, мәжбүрлі түрде бастадық. Әйтсе де, бастапқы қадамымыз жаман емес. Осыдан сабақ алып, жұмысты қай бағытта жетілдіру туралы картина құра алдық. Әр мектеп өз деңгейінде мұғалімді қай бағытта қолдау керек, мұғалімге не үйрету керек, балаларға ыңғайлы болу үшін қай платформада жұмыс істеген тиімді сынды жоспарларды қарап отыр. Төртінші тоқсан басталарда мектеп қолданысындағы ноутбук, компьютер, планшеттердің барлығын қажеттіліктерге қарай, сұраныс берген отбасыларға мектеп еріктілері жеткізіп берді. Уақытша қолдануға берілген бұл техникаларды қазір кері қабылдап жатырмыз.

Қоғамда министрлік қашықтан оқытуды рәсімдейді деген бір жаңсақ пікір қалыптасты. Ата-аналар оған петиция жазды. Білім саласындағы сарапшылардың айтуынша, бұл - қашықтан оқытуды мәжбүрлеу емес еді. Егер министрлік қашықтан оқытуды рәсімдейтін болса, бұл - мектепті жауып тастап, мектептен бас тарту емес. Әсіресе елордада қысқы уақытта көп сабақ болмай қалады ғой. Егер қашықтан оқыту рұқсат етілген болса, сол аязды күндері оның пайдасын көрер едік. Екіншіден, кей балалардың ата-анасы жұмыс барысымен ұзақ іссапарға кетіп қалады. Баланы қалдыратын орын болмай, өздерімен алып кетеді. Содан мұғалім оларға кітабын арқалатып, бір айға кетсе, бір айдың тапсырмасын ертерек беріп жіберіп, телефонмен әуреленіп жатады. Немесе ата-ана өтірік болса да, анықтама әкелгісі кеп тұрады, басқа амалымыз жоқ дейді. Сондай жағдайларда қашықтан оқыту мүмкіндігін пайдаланар едік.

Сөзсіз, қашықтан оқытуға түбегейлі көшуге болмайды. Себебі мектептің функциясы - тек қана білім беру емес. Мектепте балалар әлеуметтену процесінен өтеді, өзара қарым-қатынасты көреді, шығармашылық тұрғыда физикалық тұрғыда дамиды. Балалар өз замандастарымен бірге сөйлесіп, дамуы тиіс. Жас ерекшеліктеріне қарай, балалардың сынып-сыныпқа топтасатыны да содан. Сондықтан, қашықтан оқытуға түбегейлі көшуді министрлік көздеген жоқ, көздемейді де деп ойлаймын. Қандай жағдайда да жаңа үрдістердің пайдалы тұстарын алған жөн.

- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар