Биылғы наурыздан бастап бензин мен битум тауар биржалары арқылы өткізіледі - Нұрлан Ноғаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы наурыз айынан бастап бензин мен битумды тауар биржалары арқылы өткізу жоспарланған. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Жолдауының аясында мұнай өнімдері мен электр энергиясы саласында биржалық сауданы ретке келтіру және жетілдіру, сонда-ақ бәсекелес саясатты дамыту бойынша тапсырма берілген болатын. Мәселен, биылғы наурыз айынан бастап бензин мен битумды тауар биржалары арқылы өткізу жоспарланған, бұл ретте өткізу көлемі «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» ҚР Заңының аясында Министрлік бекітетін ай сайынғы жеткізу жоспарларына сәйкес анықталатын болады. Дизель отыны мен керосинді тауар биржалары арқылы өткізуді 2021 жылдың 3-ші тоқсанында бастау жоспарлануда», - деді министр.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2019 жылғы 5 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын дамыту мәселелері туралы» хаттамалық тапсырмасының аясында биылғы жылы өнімділігі жылына 6 млн тоннаға дейін болатын «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры реверсінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Аталған жобаны іске асыру Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын батыс қазақстандық (Атырау, Маңғыстау облыстары) мұнаймен жүктеуге мүмкіндік туғызып, Қызылорда облысының мұнай өндіруші компаниялары үшін ішкі нарыққа мұнай жеткізудегі жүктемені төмендетеді, сондай-ақ ішкі нарық пен экспорттық жеткізілімдер арасындағы теңгерімсіздікті жояды.


Соңғы жаңалықтар