Биыл жемқорлық туралы хабарлаған адамдарға 23 млн теңге төленді - агенттік
«Егер кінәлі тұлғаға қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы төленетінін еске саламыз. Биылғы жылдың 9 айында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлаған 145 адам жалпы сомасы 23 млн 664 мың теңгеге марапатталды», - деді Д. Биғайдаров.
Оның айтуынша, агенттік осы бағытта құқықтық мәдениетті және азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыруға бағытталған жүйелі алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Алдын алу іс-шараларымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ісінде жазаның бұлтартпастығы да маңызды қағидат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы 9 айда лауазымды тұлғаларға пара беру фактілері бойынша 381 сотқа дейінгі тергеу тіркелді.