Биыл жаңартылған энергия саласында 23 жоба іске асырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергия көздері нысандарының белгіленген қуаты шамамен 7 есе өсті. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дамудың ұзақ мерзімді трендттерін талдау энергияның көміртексіз көздері айтарлықтай сұранысқа ие екендігін көрсетеді. Қазақстанның энергетикалық жүйесінің даму векторларының бірі - соңғы бес жылда жаңартылатын энергия көздері. Президент орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімі мейлінше «жасыл экономика» жағдайында ілгерілеуге тиіс деген тапсырма берді. Өз кезегінде, біз «Жасыл» экономика тұжырымдамасы аясында өзімізге алған міндеттемелерді орындап, елдің жалпы энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия үлесін 3 пайызға дейін жеткіздік. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергия көздері нысандарының белгіленген қуаты шамамен 7 есеге – 2015 жылғы 240 МВт-тан 2020 жылы 1634,7 МВт-қа дейін өсті», - деді Н. Ноғаев Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Оның айтуынша, 2020 жылдың қорытындылары бойынша елімізде жұмыс істеп тұрған 115 жаңартылатын энергия көздері нысаны бар, олардың жиынтық қуаты - 1634,7 МВт (Жел ЭС – 486,3 МВт; Күн ЭС – 911,6 МВт; Су ЭС - 229,04 МВт; БиоЭС - 7,82 МВт).

2020 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергетика нысандары өндіретін электр энергиясының көлемі 3,2 млрд кВт/сағ құрады.

«Айта кету керек, осы салаға шамамен $1,5 млрд инвестиция тартылып, 1310 тұрақты жұмыс орны құрылды, сондай-ақ ел өңірлерінде жыл сайын шамамен 3000 уақытша жұмыс орны ашылып келеді. 2021 жылы жалпы қуаты 381,1 МВт болатын 23 жобаны іске асырып, шамамен 370 млн доллар инвестиция тарту жоспарланған. Биыл шамамен 3,5 млрд кВт/сағ жаңартылатын энергия өндіру жоспарланып отыр», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, 2021 жылы жаңартылатын энергия көздері бойынша онлайн-аукциондар өткізу үшін платформаны одан әрі дамыту жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар