Биыл Түркістан облысында 30-ға жуық бала суға кетіп көз жұмды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жыл басынан бері 40 адам суға кетіп, қаза тапты. Өкініштісі, оның 29-ы - кәмелет жасына толмағандар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ал, тек жазғы шомылу маусымында су айдынында қаза тапқан 27 адамның 20-сы - балалар.

Бұл туралы брифингте облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлімдеді.

Климаты ыстық оңтүстік өңірде жазда адамдардың суға түсуі сәуір айынан басталып, қазан айына дейін созылады.

Төтенше жағдай қызметкерлері тарапынан өңірдегі 176 қауіпті орынға 450-ге жуық ескерту белгісі, 210 ақпараттық стенд орнатылған.

«Облыс аумағында төтенше жағдай қызметкерлері аудандық, қалалық жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, 3000-ға жуық рейд жүргізді. Сондай-ақ, еріктілерді үгіт-насихат жұмысына тарту белсенді жүзеге асырылып, бұл іске 2 136 ерікті тартылған. Суға шомылу кезінде өз күшін жете бағаламау мен балалардың қараусыз қалуы салдарынан қайғылы жағдайлар болған», - деді облыстың төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.

Айта кетейік, биыл республика бойынша 407 адам суға батып қайтыс болған.

Өңірде оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында келер жылдың шомылу маусымында өзендер мен каналдар аумағынан арнайы шомылу орындарын ұйымдастыру көзделіп отыр.

Төтеншеліктер осылайша адам шығынын болдырмауға мүмкіндік туатынына сенім білдірді.


Соңғы жаңалықтар