Биыл тағы бірнеше облыстағы пайдаланылмай жатқан жерге ғарыш арқылы аудит жүргізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарындағы пайдаланылмай жатқан жерге ғарыш арқылы жүргізілген аудиттің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізіліп, жер кадастрын цифрландыру жұмысы қолға алынды. 2019 жылдың екінші жартысында «ҚазҒарышСапары» АҚ-пен бірге пилоттық режімде геопортал құрылды. Оның көмегімен ғарыштан түсірілген суреттер арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ауыл шаруашылығы жерлеріне онлайн түрде мониторинг жасалып, қайтадан санақ жұмыстары басталған еді», - деді Рүстем Құрманов ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде.

Осы жұмыстардың арқасында 2019 жылы Ақмола облысында пайдаланылмай жатқан 289,2 мың га, есепке тіркелмеген және өздігінен алып алған 133,6 мың га жердің бары анықталған. Ал Солтүстік Қазақстанда дәл осындай пайдаланылмай жатқан 284,3 мың га және есепке тіркелмеген немесе өздігінен алып алған 88,7 мың га жердің бары белгілі болған.

«Есепке алынбаған учаскелер бойынша әкімдіктер хабарландыру жібере отырып, ресімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал өздігінен алып алған және пайдаланылмай жатқан жер аумақтары бойынша материалдар сотқа жолданады. Биыл осы аудит басқа өңірлер бойынша жалғасады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар