Биыл сәуірде волонтерлікті дамыту жол картасы қабылданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы сәуірде қабылданады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына орай ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Волонтер жылы еліміздегі волонтерлік қозғалыстың дамуына жаңа серпін берді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде волонтерлік ұйымдар мен топтардың саны 600-ден асып, волонтерлер 200 мыңға жетті. Пандемия жағдайында волонтерлер 1 миллионнан астам мұқтаж жандарға көмек көрсетуге атсалысты», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның атап өтуінше, волонтерлік ұйымдар жүйелі түрде дамытылып, олардың жұмысын үйлестіру үшін барлық өңірлерде және республикалық деңгейде арнайы фронтофистер іске қосылды. Волонтер жылын өткізуге арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында 8 мыңнан астам волонтер арнай оқу курстары мен семинар-тренингтерден өтті.

«Қазіргі таңда Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы (әрі қарай – Жол картасы) әзірленуде. Құжат мемлекеттік органдармен келісілуде және осы жылдың сәуір айында қабылданатын болады. Жол картасында депутаттық сауалда айтылған ұсыныстар толық қамтылған. Атап айтқанда, Жол картасына сәйкес Волонтерлік қызметті қолдау стандарты волонтерлер қызметін үйлестіруші фронт-офистердің, сарапшылардың қатысуымен әзірленеді және онда волонтерлерді ұйымдастырушылық, құқықтық, әдістемелік және ақпараттық қолдау тетіктері қарастырылатын болады», - деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар, ол волонтерлік қызмет пен қайырымдылықты қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған заң жобасы әзірленіп жатқанын айтады.

«Оның аясында волонтерлік саласындағы уәкілетті органға Волонтерлік қызметті қолдау стандартын қабылдау құзыреттілігі беріледі. Заң жобасы осы жылдың қыркүйек айында Парламент Мәжілісінің қарауына енгізіледі. Жол картасында барлық білім беру ұйымдарында волонтерлік және қайырымдылық қызмет негіздері бойынша оқу тақырыптары мен факультативтік сағаттарын енгізу қарастырылған», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар