Биыл Сарайшық қалашығы бас қақпасының аумағы жаңғыртылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Сарайшық қалашығы бас қақпасының аумағы жаңғыртылады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сарайшық қалашығының қазақ елінің тарихындағы орны ғылыми деректермен, зерттеулермен, артефактілермен айқындалған. Қазіргі таңда мақсатымыз қалашықты сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Осы орайда, Сарайшық қалашығының артефактілерін жылдан-жылға шайып келген Жайық өзенінің жағалауларын бекіту мәселесі 2016 жылы шешіліп, тарихи орынның суға ағып кету қаупі тоқтатылды. Сарайшық қалашығының тарихи маңыздылығы ескеріле отырып, бұрын коммуналдық меншікте болған Сарайшық музей-қорығы 2018 жылы республикалық деңгейдегі, ежелгі қалашық аумағында археологиялық жұмыстар және ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталған ұйым ретінде қайта құрылды. Қалашық аумағында археологиялық жұмыстар музей-қорық әзірлеген ғылыми жобалар аясында іске асырылады», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Жарияланған мәліметке сәйкес, қазіргі кезеңде музей-қорық ұсынған үш жоба Ұлттық ғылыми кеңесте талқылануда. Ғылыми жобалар Ұлттық ғылыми кеңестің оң сараптамасына ие болғаннан кейін республикалық бюджеттен қаржыландырылады. 2020 жылы жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесі бойынша қалашық аумағындағы тұрғын жайлар консервацияланып, олардың тарихи келбетін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда тарихи кесенелердің қабырғалары, тандыр ошақтары және басқа нысандары жаңғыртылды. Ал 2021 жылы қалашықтың бас қақпасы аумағын жаңғырту жоспарланған. Тарихи артефактілерін қалпына келтіру кезең-кезеңімен ғалымдардың деректеріне сүйене отырып жүргізіледі. Сонымен қатар, ҚР туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес орта ғасырлық Сарайшық қалашығы өңірлік деңгейдегі туристендіру картасы нысандарының тізбесіне (ТОП-50) енгізілген.

«Сарайшық қалашығына келушілер мен туристерге оңтайлы жағдай туғызу мақсатында «Сарайшық визит-орталығының» құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Бүгінгі күні оның құрылысына қажетті қаражат қарастырылуда. Ескі Сарайшық ауылының қазіргі аумағы, сондай-ақ зират пен ортағасырлық қаланың тарихи-археологиялық тұрғыдан зерттелетін бөлігі ескерткіш аймағына кіргендіктен мұнда құрылыстың кез-келген түріне тыйым салынған. Бұл ретте ескі Сарайшық ауылының тұрғындарын (үй саны – 97, халық саны 771 адам) жақын маңдағы Сарайшық ауылдық округіндегі бос жер учаскесіне біртіндеп көшіру жоспарлануда. Мәдениет және спорт министрлігі мен Атырау облысы әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен визиторталығының құрылысына қажетті қаражатты қарастыруды және ауыл тұрғындарын көшіру мәселесін шешуді жеделдету туралы тапсырма берілді», -деп атап өтеді Асқар Мамин жауабында.

Естеріңізге сала кетсек, Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сарайшық орталығы құрылысына қатысты мәселені дереу шешуді тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар