Биыл республикалық және жергілікті маңыздағы 9,5 мың шақырым жол жөнделеді - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасының қалай жүзеге асатынын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік бағдарламада жалпы сомасы 5,5 трлн теңгені құрайтын 112 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру қарастырылған.

«Бағдарлама аясында алдағы 6 жылда 10 мың шақырым жол құрылысы мен реконструкциясы, республикалық желідегі 11 мың шақырым жолды күрделі және орташа жөндеу жоспарланған. Автожол саласын қаржыланыдырудың жалпы көлемі 3,5 трлн теңгені құрайды. Республикалық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 100 пайызға дейін жеткізіледі. Бірінші және екінші техникалық санаттардағы жол ұзындығы 60 пайызға дейін, ақылы жолдар үлесі - 45 пайызға дейін ұлғаяды. Жол бойындағы сервис нысандарымен 100 пайыз қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті министр Үкіметтің онлайн отырысында.

Оның айтуынша, еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы - 95 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық желі - 24,7 мың шақырым, оның 88 пайызы немесе 21,7 мың шақырым - жақсы және қанағаттанарлық күйде. Ал жергілікті желі - 70,9 мың шақырымды құрайды және оның жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі - 71 пайыз немесе 50 мың шақырым. Елді мекен көшелерінің ұзындығы - 72 мың шақырым.

«Автожол саласында биыл жөндеу жұмыстарымен республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырымды жолды қамту жоспарланып отыр. Автожол саласының 2020 жылға арналған бюджеті 680 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық желі - 421 млрд теңге және жергілікті желі - 259 млрд теңге. Республикалық желі бойынша, құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарымен 4 мың шақырым автожол қамтылады.

«Күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен 1,5 мың шақырым жол қамтылып, оның ішінде 1100 шақырымда жұмыстар аяқталады. Жыл соңына дейін 5700 шақырымға төлем жүйелерін орнату, 158 қызмет көрсету нысанын ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру, 23 жанармай құю станциясы салынады. Сондай-ақ, 62 санитарлық-гигиеналық қондырғы орнатылады. Жыл қорытындысы бойынша, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол үлесін тиісінше 89 және 75 пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда», - деді Бейбіт Атамқұлов.


Соңғы жаңалықтар