Биыл полицейлер 12 тонна есірткі тәркіледі – ІІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері ішкі істер органдарының қызметкерлері 5 300 есірткі заңбұзушылығын анықтады және 12,5 тонна әртүрлі есірткі тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері ішкі істер органдарының қызметкерлері 5 300 есірткі заңбұзушылығын анықтады, оның ішінде 1661 қылмыстың 991-і аса ірі көлемде есірткіні өткізу және 270-і – сақтау фактісі болған. Жалпы салмағы 12,5 тонна әртүрлі есірткі тәркіленді, оның ішінде: 4 кг героин, 129 кг синтетика, 371 кг гашиш және 8,7 тонна марихуана бар», - деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов министрлік ұйымдастырған брифингте.

Оның айтуынша, 24 тамызда Жамбыл облысы Шу ауданында Байзақ ауданының 49 жастағы тұрғыны жалпы салмағы 928 кг каннабис өсімдіктерін дайындау кезінде ұсталған.

Сондай-ақ, 7 ұйымдасқан қылмыстық топ таратылып, олардың басшылары мен қатысушыларына қатысты 13 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық топтардың 7 көшбасшысы мен 34 қатысушысы жауапқа тартылады.

«Есірткі контрабандасының 81 фактісі анықталды. Мысалы, Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмыстық топ қызметінің жолы кесілді, 2020 жылғы тамыздан бастап интернет-ресурстар арқылы синтетикалық есірткілерді байланыссыз өткізумен айналысқан жетекші мен 7 адам ұсталды. Қылмыстық топқа қатысты ҚР ҚК 297, 262-баптары 1 және 2-бөлімдері бойынша, сондай-ақ ҚР ҚК 264-бабы «Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ» бойынша халықаралық қылмыстық байланыстары бойынша да қылмыстық істер қозғалды», - дейді Б. Әмірханов.

Ведомствоның мәліметінше, 7 тамызда жедел-іздестіру шаралары арқылы 37 жастағы азамат ұсталды, оны жеке тінту кезінде 2 пакет «гашиш» тәркіленген.

«Қызметтік-іздестіру итімен тінту барысында ұсталған адамның тұрғылықты жері – Қосшы қаласында салмағы 34 келіден асатын «гашиш» салынған 2 полиэтилен пакет тәркіленді. Ұсталған азамат тәркіленген есірткіні Астана аумағында өткізуді көздеген. Жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде 36 килограмнан астам «гашиш» заңсыз айналымнан алынды, бұл 73 мыңнан астам бір реттік дозаны құрайды», - деді ІІМ басқармасының бастығы.


Соңғы жаңалықтар