Биыл Павлодар облысында 100 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Өңірде 1-10 сынып оқушыларының 99,9 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарланған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылғы жазғы каникул кезеңінде өңірдегі эпидемиологиялық жағдайда балаларды жазғы демалыспен дәстүрлі немесе қашықтық форматта қамту бағдарламасы әзірленді.

«Биыл ұйымдастырылатын демалыс, сауықтыру және бос уақытты қамтумен 105 мыңнан аса оқушыны немесе 1-10 сынып оқушыларының жалпы санынан 99,9% қамту жоспарланған. 5587 оқушыны еңбекпен қамту жоспарланған. Оның ішінде орман шаруашылықтарында – 193, кәсіпорындар мен ШҚ – 3472, еңбек жасақтарында – 1922 бала еңбек етеді» деп мәлім етті баспасөз қызметі.

Бүгінде өңіріміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты балаларды жазғы демалыспен онлайн форматта қамту бойынша жұмыс басталды. Білім басқармасы жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар, балалардың бос уақытын қамтамасыз етуге және үй жағдайында жұмыспен қамтылуын үйлестіруге бағытталған қашықтық жобалар кешенін әзірледі.

Басқарманың хабарлауынша, облыстың қосымша білім ұйымдары «Демалыс OFF-line «Мектеп жанындағы лагері» облыстық қашықтық жобасын іске асыруда.

Сонымен қатар, әрбір аудан мен қалада балалардың демалысын онлайн форматта қамтамасыз ету бойынша өзіндік жобалар іске қосылды.

«Балаларды музыкалық аспапта ойнауға үйрету бойынша тегін онлайн курстар, қызығушылық бойынша тақырыптық сабақтар, әңгіме сағаттары, шығармашылық кездесулер, топтық шеберлік сағаттар, мұражайға және қасиетті орындарға виртуалды экскурсиялар, байқаулар, викториналар, спорттық жарыстар ұйымдастырылуда», - деді басқармада.

Өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша балалардың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасау қаупін азайту нәтижесі күтіледі.


Соңғы жаңалықтар