Биыл Нұр-Сұлтанда 40 мың оқушы орны құрылады – Алтай Көлгінов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Нұр-Сұлтан қаласында жаңадан 40 мың оқушы орны құрылады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов қаланы аралау барысында бірқатар жаңа мектепке (№60 мектеп-лицей, №40 мектеп-лицей, №31 мектеп-гимназия) барып, тапсырма берді. Биыл 2020 жылмен салыстырғанда екі есе көп оқушы орны құрылады.

«Білім беру сапасына назар аудару және ол үшін жағдай жасау өте маңызды. Халықтың өсуін және үш ауысымды, тығыздығы жоғары мектептерді қысқарту қажеттілігін ескере отырып, жыл сайын елордада кемінде 10 мектеп салу қажет. Өткен жылы 12 мектеп салынды. Бұл, алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Биыл оқушыларға арналған орын санын тағы екі есеге арттырамыз. Бұл – 20 мың оқушы орны, екі ауысымда 40 мың оқушы оқитын болады», - деді әкім.


№60 мектеп-лицейі (Сарыарқа ауданы) екі ғимараттан тұрады және 2400 орынға есептелген (екі ауысымда 4800). Мұнда 5 мыңнан астам оқушы оқиды. Мектеп аумағына қосымша ғимарат тұрғызылып, онда екі ауысымда 1100 бала оқып жатыр.

№40 мектеп-лицейі (Сарыарқа ауданы) 17 жыл бұрын салынған. Жобалық қуаттылығы – 850 орын (екі ауысымда – 1700). Ал мұнда 2 мыңға жуық оқушы оқиды. Аталған мектеп аумағында 1 мың орынға (екі ауысымда) арналған тағы бір толыққанды ғимарат салынды. Осылайша, үш ауысымды оқыту мәселесі шешілген.


А.Көлгінов аталған мектепті жылыту қазандығынан орталық жылу жүйесіне ауыстыруды тапсырдым. Бұл, бір жылда мектепті жылытуға кететін 100 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ қала әкімі 45 жыл бұрын салынған № 31 мектеп-гимназиясында (Байқоңыр ауданы) болды. Мұнда 2700-ден астам оқушы білім алады. 1400 орындық жаңа ғимарат есебінен үш ауысымда оқыту мәселесі шешілді. Мектептің ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу тапсырылды.

«Президенттің тапсырмасы бойынша мектептерді салу және жөндеу жұмыстарын алдағы жылдары да жалғастыратын боламыз», — деді Алтай Көлгінов.

Бүгінде елордада үш ауысымда оқытатын мектептер саны 8-ден 4-ке дейін, ал тығыздығы жоғары мектептер саны 22-ден 14-ке дейін азайды. Бірқатар жаңа мектеп бой көтеруде, олардың арасында жеке инвестициялар есебінен салынып жатқандар бар. Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 50-ге жуық мемлекеттік мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барған №23 орта мектептің (Өндіріс тұрғын алабы) аумағында бес қабатты мектептің құрылысы жүргізілуде.



Соңғы жаңалықтар