Биыл мас күйде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүргізуші анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Полиция мас күйінде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жол қозғалысының қауіпсіздігін және жолдарда күнделікті патрульдеуді қамтамасыз ету бойынша жұмыстың нәтижесінде көптеген ЖКО-ға жол берілмеді. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері мас күйде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүргізушіне анықтады. Олардың 17 мыңнан астамы автокөлікті басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жүргізушілік құқығынан айырылған әрі мас күйде болған 1 878 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды», делінген хабарламада.

Биылғы 9 айда мас жүргізушілер 342 жол-көлік оқиғасын жасаған, оларда 64 адам қаза тауып, 493 адам жарақат алған.

«Мас күйінде көлік басқарған жауапсыз жүргізушілер кінәсінен жолдарда адамдар қаза тауып жатыр. Оларды ақтап алу мүмкін емес. Сондықтан осындай заң бұзушылықтар мен қылмыстар үшін олардың салдарларының ауырлығына тең келетін жаза болуы тиіс», - деді ІІМ қызмет басшыларымен кеңес өткізген министр Ерлан Тұғымбаев.

Статистика көрсетіп отырғандай, қолданыстағы әкімшілік жазалар жүргізушілердің тәртібіне қажетті деңгейде әсер етпейтінін және ЖКО санының төмендемей отырғанын байқатады.

«Мас күйде көлік жүргізгені үшін жазаны қатаңдату барлық жол қозғалысына қатысушылардың, жүргізушілердің де, жолаушылардың да, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен, депутаттық корпуспен, жұртшылықпен келісілетін тиісті ұсыныстар дайындалуда», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жолдарындағы жағдайдың алаңдаушылық тудыратынын атап өтті және мас күйде автокөлік жүргізгені үшін жазаны қатаңдату қажеттілігіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігі осындай құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстармен бастама көтерді.

Соңғы жаңалықтар