Биыл қазақстандықтарды газбен қамту 53 пайыздан асады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың 10 айында газ тұтыну көлемі 12,4 млрд текше метрді құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елде жаңа тұтынушылардың пайда болуына байланысты газ тұтынудың өсу тенденциясы байқалады. Мәселен, соңғы 5 жылда, 2015-2019 жылдары газды тұтыну 12,1-ден 16,3 млрд текше метрге дейін немесе 35 пайызға ұлғайды. Осы жылдың 10 айында газ тұтыну көлемі 12,4 млрд текше метр немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 102 пайызды құрады», - деді министр.

Сонымен қатар министр елді газдандыру да артып келе жатқанын айтты.

«Елді газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасын іске асыру аясында жыл сайын мемлекеттік бюджеттен газдандыруға қомақты қаражат бөлінеді. 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елді газдандыру деңгейі 51,47 пайызды құрады немесе 9,5 млн адам көгілдір отынға қол жеткізді. Осы жылдың қорытындысы бойынша газдандыру деңгейін 53,07 пайызға қол жеткізу күтілуде. Бұл 2015 жылғы деңгейден 10,07 пайызға артық. 2015-2020 жылдар кезеңінде газдандырылған елді мекендердің өсімі 286 бірлікті, халықтың өсімі 2,4 млн адамды құрайтын болады», - деді ол.

Нұрлан Ноғаев 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша газдандыру деңгейі 90 пайыздан асатын неғұрлым газдандырылған өңірлерді атады. Мұндай өңірлер қатарына кіретін Атырау облысы – 99,6, Маңғыстау облысы – 99, Алматы қаласы – 98,8, Батыс Қазақстан облысы – 96,2, Шымкент қаласы – 92,1 және Ақтөбе облысы – 90,1 пайыз газдандырылған.

«Жалпы, еліміздің 6 162 елді мекенінің 1 468-і немесе олардың жалпы санының 24 пайызы газдандырылған», - деді Нұрлан Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар