Биыл Қазақстанда заңсыз ағаш кесудің 100-ден астам фактісі анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елімізде орман ағашын заңсыз кесудің 111 фактісі тіркелді. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп құрылған ақпараттық геожүйе бар. Ол 4 бағытта жұмыс істейді. Бірінші – орман ағаштарын заңсыз кесуден қорғау, екінші – орманда болуы мүмкін өрттің алдын алу, үшінші – орманда заңсыз құрылыс салуға жол бермеу және төртінші бағыт – орманды дамыту, яғни ондағы ағаш сандарын көбейту», - деді Ерлан Құтпанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

«Биыл елімізде заңсыз ағаш кесудің 111 фактісі тіркелді. Кесілген ағаштың көлемі 5 мың текше метрді құрайды. Осы себептен келтірілген залалдың көлемі 97 млн теңгені құрап отыр. Бұл фактілерді біздің инспекторлар анықтады. Осы орайда айта кеткім келеді, 1 желтоқсаннан бастап қылқан жапырақты ормандарды қорғауға арналған республикалық акция жүріп жатыр. Жалпы орманды қорғау және дамыту жұмысы әр мекеме, қорық және мемлекеттік органдармен бірлесіп жүріп жатыр», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай биыл елімізде 130 млн түп ағаш отырғызылды. Ол үшін республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 12 млрд теңге бөлінді.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында 2025 жылға дейін еліміздің орманды аумағында 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін жүктеген еді.


Соңғы жаңалықтар