Биыл қанша талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылды: Министрлік мәліметі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 19 талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылды. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Әдеттегідей, Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері ҰБТ аяқталғаннан кейін 145 мың талапкердің емтихан тапсыру барысы түсірілген видеожазбаларды қарап шыққан.

«Биыл ҰБТ бейнежазбаларының бір бөлігін егжей-тегжейлі қарап шыққаннан кейін, 19 талапкердің шпаргалкаларды қолданғаны және ережелерді бұзғаны анықталды. Осыған байланысты олардың нәтижелері жойылды», - делінген министрліктің ресми мәліметінде.

«Түлектеріміздің тек өз біліміне үміт артуын қамтамасыз ету үшін осындай мұқият тексеру жүргізіп жатырмыз. Өйткені, бүгін тест тапсырып, ережені бұзған талапкердің ертең полиция қызметкері, дәрігер, мұғалім немесе судья ретінде адал маман болатынына кепілдік жоқ. Сондықтан комиссия 19 талапкердің нәтижелерін жоюға шешім қабылдады. Енді олар білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатыса алмайды.

Бірақ бұл жағдайлар балалар тарапынан болғандығын ескеріп, оларға жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқу мүмкіндігі беріледі.

Жалпы, барлық түлектер ҰБТ-ны жылына бірнеше рет тапсыра алады. Бұл тестілеуге дайындалу барысында оқушылардың күйзелісін азайтады.

Біз тағы да барлық талапкерді академиялық адалдыққа шақырамыз», – деп атап өтті ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының м.а. Наужан Дидарбекова.

Еске салайық, бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҰБТ-ны тапсыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуді және тестілеу нәтижелерін бақылауды күшейтуді тапсырған болатын.

Өткен жылы бақылау камераларының жазбаларын қарап шығу туралы ереже енгізілген болатын. Нәтижесінде, ҰБТ аяқталғаннан кейін 152 талапкердің тестілеу ережесін бұзғаны анықталып, нәтижелері жойылды. Олардың 91-і білім беру грантынан айырылды.

Бақылаудың күшеюінен үш жылда тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері біршама азайды. 2019 жылы – 128 мың, 2020 жылы 1296 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысса, биыл 758 жағдай тіркелді. Тестілеу кезінде тыйым салынған заттарды пайдалануға әрекеттенгендердің саны 2019 жылғы 2363-тен 2021 жылы 749-ға дейін азайды.

Алдымен, Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері 100-ден жоғары балл жинаған тестіленушілердің емтихан тапсыру барысы түсірілген видеоларды тексереді. Мәселен, талапкерлердің нәтижелері наурыз және мамыр, маусым айларындағы көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары болуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар