Биыл Есіл ауданына газ тарату желілерінің құрылысы басталады - Көлгінов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Заречный елді мекенін дамыту мәселесін жергілікті тұрғындармен кездесу барысында талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімнің Instagram парақшасына сілтеме жасап.

«Аудандарымызды, елді мекендерімізді тұрақты аралап, тұрғындармен кездесіп тұрамыз. Бұл жолы Заречный (Есіл ауданы) елді мекенінің тұрғындарымен кездестім. Кездесу барысында бірқатар өзекті мәселе көтерілді: мектеп, балабақша салу және кеңейту, су қысымы, электр қуаты, жолдар мен автобус бағыттары, жылы аялдамалар мен Сергек камералары, гүлзарлар және т.б. Қозғалған проблемаларды жазып алдық, енді оларды іске асыру бойынша жоспар құрамыз.

№45 мектеп бойынша – техникалық сараптама жүргізілген соң күрделі жөндеуден өтеді. Оқушы орнының қажеттілігін ескерер болсақ, бірінші кезекте осы мектептің аумағында жаңа корпус салу мәселесін қарастырамыз. Сол сияқты №56 балабақшаны да күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз», - деген А.Көлгінов әлеуметтік желідегі жазбасында.

Ол сумен жабдықтау да жүйелі проблема екенін атап өткен.

«Осыған дейін айтқанымдай, былтыр біз сорғы-сүзгі станциясы-3 (ССС) құрылысына кірістік. ССС-3-тің алғашқы кезеңі биыл күзде іске қосылады. Ал толығымен 2023 жылы аяқталады. ССС-3 қаланың алдағы уақытта салынатын аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ сумен жабдықтаудың қазіргі қуатын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл елді мекенде жеке сектор барын ескерсек, оны газдандырамыз. Осыған дейін Сарыарқа мен Алматы аудандары газдандырылған. Биыл Есіл ауданында газ тарату желілерінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл ауданның және жалпы қаланың өмір сүру сапасы мен экологиясын жақсартуға мүмкіндік береді», - деп жазады қала әкімі.

Ол бұл елді мекенді жоспарлы түрде дамытатындарын айтқан. Заречный елді мекенінің тұрғындары көтерген мәселелерді назарға алып, осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылатынына сендіреді.

«Осылайша біз барлық аудандарымыз бен елді мекендерімізді тұрақты аралап, жергілікті жерлерде тұрғындардың проблемаларына назар аударамыз. Осының нәтижесінде ең алдымен не істеу керек, қандай мәселелер бойынша жоспар құру қажет және т.б. шешімдер қабылданады. Елді мекендерді дамыту Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Күн райы жылынған уақыттан бастап қала көшелерін жөндеу, аулаларды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, көгалдандыру және т.б. жұмыстарға кірісеміз», - дейді елорда басшысы.


Соңғы жаңалықтар