Биыл елорда маңындағы ауылдарда 100 көше жөнделеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала маңындағы елді мекендерде қандай шаруалар атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесу кезінде олардың ұсыныстарын тыңдаймыз. Мәселенің бір бөлігі бірден шешілсе, қалғаны жоспарға бекітіледі. Елді мекендерді дамытуды 3 кезеңге бөлдік. Олар - жол және инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, әлеуметтік нысандар құрылысы және абаттандыру мәселелері» деп жазады шаһар басшысы Instagram парақшасында.

Біріншіден, биыл тек елді мекендердің өзінде ғана 100 көше жөнделіп, кейбіреуі жаңадан салынады. Екіншіден, әлеуметтік нысандардың құрылысы (мектеп, медицина орталығы, спорт кешені - әр ауданда бір-бірден) қолға алынды.


«Үш спорт кешенінің құрылысы басталды, сондай-ақ екі мектеп (Железнодорожный, Өндіріс) салып жатырмыз. Спорт кешендерінде спортпен шұғылдануға арналған бөлмелерден басқа пошта бөлімшесі, полиция пункті, егде жастағы адамдарға арналған клубтар, халыққа қызмет көрсету орталықтары, кітапхана және басқа нысандар болады. Сонымен бірге Пригородный елді мекенінде 100 отбасына арналған қолжетімді тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр» дейді Алтай Көлгінов.


Үшіншіден Көктал елді мекенінде жылу магистралінің құрылысы аяқталады. Бұл Тілендиев даңғылындағы тұрғын үй кешендерін жылуға қосуға мүмкіндік береді.

Ал төртінші іс - газдандыру.

«Биылғы жылыту маусымында Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Промышленный, Железнодорожный елді мекендері газбен жабдықталады. Оңтүстік-шығыс елді мекенінде газдандыру жұмысы басталды» деп мәлім етті қала әкімі.

Бесіншіден Үркер елді мекенінде 7 км кәріз, 10 кәріз-сорғы стансасы және 1 км кәріз коллекторының құрылысы жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар