Биыл елімізде тұтынушылық импорт қандай деңгейге өсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оптимистік сценарийге сәйкес, биылғы жылы экономика 3,7-4%-ға өседі. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нақты сектордың даму серпіні Ұлттық банктің есептеулеріне сәйкес келеді. 2021 жылғы

9 айдың қорытындысы бойынша Ұлттық банктің оптимистік сценарийіне сүйене отырып, ІЖӨ өсуі 3,4% болды. Экономиканың қалпына келуі шикізат нарықтарындағы әлемдік бағалардың өсуі және карантиндік шектеулердің жеңілдетілуі аясында жалғасты. Өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс, ақпарат және байланыс салалары, мемлекеттік сектор жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр. Сонымен қатар 2020 жылғы наурыздан бастап алғаш рет көлікте оң өсу қарқыны байқалды. Оптимистік сценарийге сәйкес, биылғы жылы экономика 3,7-4%-ға өседі», - делінген Ұлттық банк мәліметінде.

Эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы аясында тұтынушылық белсенділік сенімді түрде қалпына келіп жатыр. 2021 жылғы шілде-тамызда біршама баяулағаннан кейін, бөлшек сауда айналымының өсу қарқыны қалпына келіп, 2021 жылғы қыркүйекте жылдық мәнде 5,6% болды.

«Бөлшек сауда айналымының құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлар айналымының өсу аймағына бір мезгілде шығуымен тамақ өнімдері саудасының неғұрлым белсенді серпіні байқалды. Ішкі сұраныстың серпінді қалпына келуі номиналды және нақты кірістің өсуімен нығайтылды. 8 айда номиналды кірістің өсуі 12,9%, нақты өсу – 4,9% болды. Жоғары сұраныс тұтынушылық тауарлар импортының жылдамдауына әсер етеді. 2021 жылғы 8 айда тұтынушылық импорт 7,7 млрд АҚШ долларына дейін 23,9%-ға өсті», - деп аталып өткен Ұлттық банк хабарламасында.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 9,75%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.



Соңғы жаңалықтар