Биыл елімізде дәнді дақылдар 22,5 млн гектарға егілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл дәнді дақылдар алаңы 14,9 млн гектарға егілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн гектар алаңға егу жоспарлануда, бұл 2019 жылғы деңгейден 238 мың гектарға көп. Бұл ретте импорттың орнын басу үшін жоғары рентабельді дақылдар пайдасына егіс алаңдарының құрылымын әртараптандыру мәселесіне ерекше назар аударылады. Осылайша, биыл майлы дақылдардың алаңы 122,2 мың гектарға, көкөніс дақылдарының - 10 мың гектарға, бақша дақылдары - 1,5 мың гектарға, картоп - 7,8 мың гектарға, азықтық дақылдар - 308,6 мың гектарға, қант қызылшасының алаңы 2,4 мың гектарға ұлғаяды», - деді С. Омаров.

Оның сөзіне қарағанда, дәнді дақылдар алаңы 14,9 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 191,6 мың гектарға кем.

«Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы дақылдарын егу республиканың барлық аймақтарында жүргізілуде. Атап айтқанда, дәнді және дәнді–бұршақты дақылдар 9,6 млн гектарға немесе жоспарланған алаңның 65 пайызына, майлы дақылдар 2,3 млн гектарға (76%), көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 400 мың гектарға (85%), қант қызылшасы

20,5 мың гектарға (93%), мақта 118 мың гектарға (100%), көпжылдық шөптер 352 мың гектарға (100%) егілді. Бұл ретте, оңтүстік өңірдегі облыстарда, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау облыстарында егіс жұмыстары аяқталуға жақын», - деді министр.

Қазгидрометтің болжамына сәйкес, мамырдың үшінші онкүндігі жаңбырлы болады деп күтілуде. Әсіресе, бұл Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына қатысты.

«Осыған байланысты себуді оңтайлы мерзімде аяқтау үшін әрбір жаймашуақ күнді барынша жемісті пайдалану, тұрып қалуды болдырмау және мүмкін болған жағдайда, агрегаттардың екі ауысымдық жұмысын ұйымдастыру арқылы өнімділікті арттыру шараларын қабылдау қажет», - деді С. Омаров.


Соңғы жаңалықтар