Биыл Алакөлге пойызбен 180 мыңнан астам жолаушы барды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаз айларында пойызбен Алакөлге 180 мыңнан астам жолаушы тасымалданды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» компаниясынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да Алакөл курорттық аймағы бағытында жолаушылар тасымалы жазғы маусымының қорытындысы шығарылып, келесі жылға сапаны жақсарту іс-шаралары қаралды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтың төрағалығымен өткен кеңеске ҚР ИИДМ, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің, «Атамекен» ҰКП және жеке тасымалдаушылар мен туристік компаниялар өкілдері қатысты», - деп атап өтеді ұлттық компаниядан.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, биыл танымал бағыт саналатын Алакөлге дейін 11 пойыз жүрді (8-і – «Жолаушылар тасымалы» АҚ, 3-еуі – жеке тасымалдаушылар). Теміржол көлігін 182 мың жолаушы пайдаланды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 42 мың адамға көп. Көліктік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін Жалаңашкөл, Көктұма және Ақши станцияларындағы жолаушылар платформалары ұзартылды.

Қанат Әлмағамбетов компанияда 2022 жылдың жаз мезгілінде Алакөлге дейін жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленгенін хабарлады. Келесі жылы осы бағытта жүретін пойыздар саны сақталады. Барлық вагондар ауа баптау жүйесімен жабдықталады.

«Сондай-ақ, кеңесте электронды билеттерді сату және қайтару жүйесінің ерекшеліктері қаралды. Туристік бизнес өкілдері демалысты алдын-ала жоспарлаған саяхатшылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жол жүру билеттерін ертерек брондау мерзімдерін қайта қарауды сұрады. Қанат Әлмағамбетов «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на туроператорлар үшін темір жол билеттерін ерте брондау тәртібін реттейтін ережелерді әзірлеуді тапсырды», -делінген ҚТЖ ақпаратында.


Соңғы жаңалықтар