Биыл Ақтауда 15 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтсақ, № 1, 2, 8, 9, 10, 12, 14, 16, 17, 20, 21, 22, 27 орта мектептері мен №19 «Толағай», №29 балабақша, №56«Жұлдыз», №59 С.Шапағатов атындағы балабақшаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатта бюджеттен 172 164,0 мың теңге бөлінген.

Сонымен қатар, 29 шағынауданда орналасқан №28 жалпы білім беретін орта мектепке (жалпы құны– 654 138,0 мың теңге, мердігер мекеме - «Оңдасын строй» ЖШС) және 15 шағынауданда орналасқан IT мектеп-лицейіне (жалпы құны- 497 300,0 мың теңге, мердігер мекеме - «Нұрлы Жол Құрылыс» ЖШС) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда екі білім ордасында да жұмыстардың 87%-ы аяқталды.

«Қазіргі таңда бағдарлама аясында қаламыздың жұмыссыздық есебінде тұрған 329 азаматы жұмыспен қамтылды. Олардың еңбекақысы 85 мың теңгеден жоғары болды. Мердігер мекемелер тасымалмен және түскі аспен қамтамасыз етті. Жалпы, балабақшалардан төртеуінің де жөндеу жұмыстары толықтай бітті. Ал, мектептерден (15) тек 6 мектептің жөндеу жұмыстары әлі жүргізілуде. Толықтай тамыз айының аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр»,-деді Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Тулебаева.

Бағдарлама аясында жөндеуден өткен Ақтаудағы №29 балабақшада Абайдың, Әбіш Кекілбаевтың өмірінен сыр шертетін суреттер жинақталған бұрыш жасақталған. Бөбекжай директоры Набат Сырымбаеваның айтуынша, 280 орынға шақталған нысанда қабырғалар толығымен сырланған.

«Ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында дәліздердегі қабырғалар сырланып, еден төсеніштері ауыстырылып, есіктер жаңарды. Жұмыссыздықта тіркелген 3 азамат қызмет етіп, жұмысын аяқтады»-,деді Набат Сырымбаева.



Соңғы жаңалықтар