Биыл Ақмола облысында 260 км сумен жабдықтау желісі жаңартылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Биыл Ақмола облысында халық саны 6,7 мың адамнан асатын 7 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті ұлғайта отырып, 13 елді-мекенде 13 жобаны іске асыру аяқталады. Сонымен бірге, облыс бойынша барлығы 260 км сумен жабдықтау желісін салу және қайта жаңарту жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде ауыл халқының 88,9 пайызы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған. 177 ауылдық елді-мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2022-2025 жылдары 74 елді-мекенде сумен жабдықтау жүйелерін салу, 72-де құрамдастырылған блок-модульдерді (КБМ) орнату жоспарлануда. 2021 жылы 6 сумен жабдықтау нысаны іске қосылды, 221 шақырым сумен жабдықтау желісі салынды және қайта жаңартылды.

«Жыл қорытындысы бойынша халық саны 2,3 мың адам тұратын 3 елді мекен (Атбасар ауданының Бейс Хазірет, Целиноград ауданының Шұбар және Фарфор ауылдары) орталықтандырылмаған санаттан орталықтандырылған сумен жабдықтау санатына ауыстырылды, халық саны 13,4 мың адамды құрайтын 14 ауылда құрамдастырылған блок-модульдер (КБМ) орнатылды», - деді Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев.

Сонымен бірге, экологиялық проблемаларды шешу үшін Щучье-Бурабай курорттық аймағында 15,1 миллиард теңгеден астам сомаға 8 жоба іске асырылуда. Бұл 2022 жылға қарай Щучье қаласын, Бурабай және Қатаркөл кенттерін, сондай-ақ курорттық аймақтағы сауықтыру орындары мен шипажайларды орталықтандырылған сумен жабдықтауды және су бұруды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«2022 жылы халық саны 6,7 мың адамнан асатын 7 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті ұлғайта отырып, 13 елді мекенде 13 жобаны іске асыру аяқталады. Сонымен бірге, облыс бойынша барлығы 260 км сумен жабдықтау желісін салу және қайта жаңарту жоспарлануда», - деп түйіндеді Данияр Қуанышбаев.


Соңғы жаңалықтар