Биыл 640 мың гектар алқапқа шегіртке таралуы мүмкін - АШМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда шегіртке зиянкестерін анықтау мақсатында тексеру жұмысы басталды. Бұл туралы ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл шегіртке ошақтарын анықтау үшін GPS навигаторларды пайдалана отырып, 524 автокөлік пен 1230 тексерушіні жұмылдыру арқылы шамамен 38 млн гектар жерді тексеру жоспарланған. Сондай-ақ, шекаралас Ресей, Қытай және Өзбекстан мемлекеттерімен бірлескен зерттеулер жүргізу көзделген. Қазіргі уақытта еліміздің оңтүстік өңірлерінде тексеру жұмыстары басталды. Көктемгі тексеру – қыстап шыққан шегірткелердің жай-күйін анықтауға және химиялық өңдеу жүргізу үшін жағдайды болжауға мүмкіндік береді», - деп атап өтеді комитеттен.

Ведомство мәліметінше, биыл республика бойынша шегіртке зиянкестерінің 640 мың гектар алқапта таралуы болжанып отыр. Шегірткемен күреске республикалық бюджеттен шамамен 2 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа жеткілікті пестицидтер мен химиялық өңдеу қызметтері сатып алынды. Сонымен қатар, орталық қоймада қосымша пестицидтердің қажетті қоры бар.Өңдеу жұмыстарына 183 арнайы техника (150 жер үсті бүріккіші, 12 ұшақ, 13 аса жеңіл әуекемелері және 8 бірлік аэрозольді газ генераторлары) тарту жоспарланған.

Өңірлерде химиялық өңдеу шегіртке зиянкестерінің таралу ошақтары анықталуына қарай басталады. Ол үшін ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық әкімдіктермен бірлесіп мониторинг және химиялық өңдеу жұмыстарының жоспарын бекіткен.


Соңғы жаңалықтар