Биыл 40 топ-нысан жекешелендіріледі - Бақыт Сұлтанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бүгінгі Үкімет отырысында жекешелендіру бағдарламасының алғашқы тоқсандағы қорытындысын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жоспардағы 40 нысанның орнына 45 нысан сауда-саттыққа шығарылып, олардың ішінен 20-сы сатылды. Сату бағасы 19 млрд теңгені құрады. 10 нысанды тарату туралы шешім қабылданды. Осылайша, бірінші тоқсанның жоспары артығымен орындалды. Оған Қызылорда облысы әкімдігінің, «Ақтөбе», «Жетісу», «Орал», «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының нысандарын мерзімінен бұрын сауда-саттыққа шығару арқылы қол жеткізілді", - деп атап өтті Б. Сұлтанов.

Сонымен бірге, министр өз мерзімінде сауда-саттыққа шығарылмаған нысандарды де атап өтті. Мысалы, Астана қаласы әкімдігінің, «Каспий» және «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының 5 нысаны сауда-саттыққа өз мерзімінде шығарылмаған.

Топ-нысандар бойынша, министр жалпы жекешелендіруге жататын 71 топ-нысанның бүгінгі күнге дейін 13-і сатылғанын хабарлады. Сату бағасы 95 млрд теңгені құраған.

"Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының 7 нысанын бас компанияның құрамында «пакеттік» сату туралы шешім қабылданды. Бірінші тоқсанда топ нысандары бойынша айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Ағымдағы жылы 40-топ нысанды сату жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда оның алтауы сауда-саттыққа шығарылды. Қалған 34 нысан бойынша сату алдындағы дайындық және сатып алушылармен келіссөздер жүргізілуде. Бұл топ-нысандар ішінде республикалық меншіктегі 11 нысан бар. Олардың екеуі бойынша кейбір мемлекеттік органдар тиісті іс-шараны уақтылы жүргізбей отыр", - деп атап өтті Қаржы министрі.

Оның айтуынша, проблемалы ұйымдардың бірі - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі меншігіндегі "Қазгелогия" АҚ.

"Бұл нысан бойынша жекешелендіру түрі және шарттары бойынша пысықталған ұсыныстар әлі күнге дейін түскен жоқ. Одан кейін Мәдениет және спорт министрлігі иелігіндегі "Қазспорт Инвест" АҚ. Бұл нысанға қарасты Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын коммуналдық меншікке беруге қатысты шаралар орындалмай жатыр. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы бар", - деп өз сөзін толықтырды Б. Сұлтанов.

Отырыс барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Балуан Шолақ спорт кешені мәселесінің не себепті шешілмей отырғанын сұрады.

"Акционерлік қоғам өз шешімін қабылдаған жоқ. Ең алдымен олар шешім қабылдау керек. Нысанды тезірек жергілікті меншікке жіберу қажет. Тиісті шаралар әлі де жүргізілмеген", - деп жауап берді Б. Сұлтанов.

Өз кезегінде Үкімет басшысы министр Арыстанбек Мұхамедиұлына барлық мәселені осы айдың соңына дейін шешуді жүктеді.

Соңғы жаңалықтар