Биыл 37 ауылдың 46 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл 37 ауылдық елді мекенде жаңадан су құбырлары салынып, 46 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету министрліктің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Су кодексіне сәйкес министрлік елді мекендердің шекарасына дейін сумен жабдықтау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады және топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып саналады. Қазіргі уақытта республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың шақырым болатын 74 топтық су құбырлары бар. Оның ішінде республикалық меншікте 13 мың шақырым құрайтын 37 топтық су құбырлары тіркелген. Олар жалпы бір миллионнан астам адамы бар алты 608 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде», - деді министр.

Оның айтуынша, 2019-2020 жылдар аралығында тиісті қаржы бөлініп, әлеуметтік маңызы бар бірқатар топтық су құбырлары бойынша құрылыс жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, 2019 жылы Павлодар облысындағы Май, Беловод және Қарағанды облысындағы Жәйрем-Қаражал топтық су құбырлары пайдалануға берілді. Ал 2020 жылы Алматы облысындағы Қаскелең, Қызылорда облысындағы Талап және Жиделі, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов құбырының екінші кезеңі, Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты топтық су құбырлары бойынша барлық жұмыстар ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болады.

«Нәтижесінде бұған дейін сапалы суы болмаған 37 ауылдық елді мекен бойынша жаңадан су құбырлары салынып, 46 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қоса, бір қала мен 39 ауылдық елді мекеннің ескі су беру жүйесі қайта жөндеуден өтіп, ауыз судың сапасы артады. Өз кезегінде, бұл 287 мың тұрғынды қамтиды», - деді ол.

Министрдің дерегінше, биыл 3 топтық су құбырының құрылысы басталды.

«Олар - жаңадан салынып жатқан Ақмола облысындағы Макинск пен Ақтөбе облысындағы Жаныс би топтық су құбырлары. Және Қарағанды облысындағы Есқұла топтық су құбырының жаңа бөлігі салынуда. Аталған топтық су құбырлары 2021 жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 3 ауылдық елді мекенде тұратын 1,3 мың адам үшін сапалы ауыз су қолжетімді болады. Сонымен қатар, 3 қаланы сумен қамтамасыз ететін құбырлары жаңартылады. Яғни, 94 мың тұрғын үшін берілетін ауыз судың сапасы жақсарады», - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Соңғы жаңалықтар