Биыл 2,6 млн гектардан астам жер ерікті түрде мемлекеттік меншікке қайтарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отырғанына тоқталды. «Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деп атап өтті.

Президенттің бұл мәселені халыққа арнаған Жолдауында айтуы тегін емес. Әлем бойынша жер көлемі жағынан тоғызыншы орындамыз деп кеуде кергенімізбен ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын азаматтарымыз жер жоқ, деген уәж айтумен келеді. Жерді ұзақ жылға жалға алып отырғандар жері жоқтарға жалға береді немесе мүлде жолатпайды. Не өзі игермейді не өзгеге бермейді. Ал, бүгінгі таңда әлем бойынша азық-түлік қауіпсіздігі алдыңғы орынға шығып отыр. Ал, азық-түлік осы жерден алынады. Қолда бар дүниені тиімді пайдалана алмасақ, кімге өкпелейміз? Бұл бір күрделі мәселе.

Күні кеше ғана Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев игерілмей жатқан жерлерге қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутат сауалын жолдады.

«Ауылдық жерлерді өркендетудің негізі – жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың нақты механизмін қалыптастыру. Ол үшін ғарыштық мониторинг деректері негізінде, игерілмей немесе тиімсіз пайдаланып жатқан жерлерді қайтып алу жөніндегі жұмыстатрды белсенді түрде жүргізу керек. Сондай-ақ, оларды ең алдымен жеке қожалық шаруаларының жер мәселелерін шешу үшін пайдалану қажет», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Ауыл шаруашылығы министрлігінен игерілмей жатқан жерлерге қатысты мәлімет сұратқан едік. Олардан келген жауапта 2015 жылдан бастап пайдаланылмай жатқан жерлердің анықталуын бақылау қызметі жергілікті атқарушы органдарға берілгені айтылды. Іс жүзінде жерді қайтарып алу тетігі ұзаққа созылады. Ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымсыз пайдалану фактісін дәлелдеу үшін бірнеше рет тексеру жүргізу қажет, содан кейін үшінші жылы ғана жерді алып қою туралы сотқа талап арыз беріледі. Сондықтан, іс жүзінде жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою және жосықсыз жер пайдаланушыларды салық органдарына жіберу фактілері өте сирек кездеседі. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігі заңнамалық базаға пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдерін және алып қою мерзімдерін қысқартуды (2 жылдан 1 жылға дейін), цифрлық технологияларды қолдану арқылы жерді қашықтан зондтау деректерін пайдалана отырып, бақылау процесін автоматтандыруды көздейтін түзетулер әзірлеген. Сондай-ақ, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын салықты 10 еседен 20 есеге дейін ұлғайту мәселесі қарастырылуда.

2019 жылдың қазан айында заңнамалық норма қабылданған, ал биыл қаңтар айында Жерді қашықтан зондтау деректері веб-порталында пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін анықтаудың цифрлық тетігін айқындайтын бұйрық қабылданған екен.

Осыған байланысты, ауыл шаурашылығы мақсатындағы жерлерді қорғау саласындағы бақылау функцияларын одан әрі күшейту мақсатында Министрлік жердің пайдаланылуын ғарыштық мониторингтеу әдісін енгізіп, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында пилоттық жоба іске қосылған. Аталған жоба бойынша, пайдаланылмайтын жерлерді анықтаудың барлық процесі веб-порталда жүзеге асырылады. Бұл жер инспекторларының жұмысын едәуір жеңілдетіп, жер пайдаланушылардың учаскелерді тиісті мақсатта пайдалануға ынталандырады.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша 2020 жылдың басынан бері пилоттық аймақтарда 7,7 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталған. Оның 2,6 млн гектардан астамы ерікті түрде мемлекеттік меншікке қайтарылыпты. Осы жобаны жүргізу барысында министрлік оны одан әрі жетілдіру үшін егжей-тегжейлі талдау жүргізіп жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасының аясында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын әзірледі. Заң жобасы жер учаскелерін электрондық түрде мемлекет меншігінен тікелей беру және сауда-саттық жүргізу арқылы берудің тәртібін реттейді.

Нақты регламенттелген тәртіп осы мәселенің ашықтығын қамтамасыз етеді және жер учаскелерін алуды жеңілдетеді, сыбайлас жемқорлықтың алдын алады, оларды экономикалық айналымға тартуға ықпал ететін болады. Сондай-ақ, заң жобасында ұсынылып отырған өзгерістер жер учаскесін алу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етеді.

«Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты пікірін білдірген еді.

Қауымдастық төрағасының айтуынша, елімізде 212 мың шағын шауашылық мен фермер шаруашылығы жұмыс істеп жатыр. Оның сыртындағы 16 500 түрлі ауыл шаруашылығы құрылымын қосқанда 230 мыңға жетеді. Егістік жерлер мен жайылымдық жердің игерілуіне келер болсақ, құжат бойынша бос жатқан жер жоқ. Бәрінің иесі бар. Егер бос жатқан жерге барып қазық қақсаң, қожайыны шауап келеді. Мен осы жақында 10 мың шақырым жер жүріп, сегіз облыстың шаруаларымен кездесіп келдім. Оларға мемлекет тарапынан қандай көмек керек, толғандыратын не, деген сияқты мәселелерді зерделедім. Ақмола облысының Есіл ауданы басшыларымен кездестік. Олардың айтуынша ауданда 90 мың гектар егістік жер, 35 мың гектар жайылымдық жер игерілмей жатыр екен. Жергілікті әкімдіктер оны тексере алмай отырмыз, дейді. Өйткені, 2022-жылға дейін жерді тексеруге заңды түрде мораторий жарияланған», - дейді Жигули Молдахалықұлы.

«Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығы төрағасының пікірінше, ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты заң қабылдағанда әр өңірдің ерекшелігі мен ондағы проблемалық мәселелер ескерілуі керек.

«Осы сапарымда қанша аудан, облыс басшыларымен кездестім. Оларда да осы түйткіл. Облыс, аудан басшылары жұмыс істемейін деп отырған жоқ. Өз өңірлеріндегі игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, жерді нақты игеретін, жұмыс істейтін шаруаларға алып бергілері келіп-ақ отыр. Бірақ, заңнан аттап өте алмайды. Бұдан бөлек, ауылдардағы құнарлы жерді алып, игеріп жатқандар бар. Мәселен, олар көктемде егін егеді, күзде жинап алып кетеді. Көбі қаладан барады, ауылда тұратындар емес. Сол ауылдың жерін пайдаланып пайда табады екен, ендеше сол ауылға қарассын. Ауылдың инфрақұрылымын қалыпқа келтіруге атсалыссын. Ауылдың жолын жөндесін, аузсу тартып берсін, басқа да ауылдықтар мұқтаж мәселенің шешілуіне мұрындық болсын. Баюды көздеген адам өзін ғана емес, сол жердің халқын да ойласын. Осындай жауапкершілікті оларға міндеттейтін заң керек», - дейді «Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығы төрағасы.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жер қатынастарына қатысты түйткілді мәселелерді қайта қарап жатқанға ұқсайды.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер комитеті бірқатар мәселені қайта қарап жатыр. Комиссия құрылған. Біз де өз ұсынысымызды айттық. Сол ұсыныстарымның біреуін айта кетейін. Мысалы, шаруа жерді 49 жылға жалға алды, өте жақсы жұмыс істеп келеді. Бір күні осы мерзім аяқталады. Заң бойынша әлгі шаруа пайдаланып келе жатқан жер қайтадан аукцион арқылы берілуі керек. Ал, осы жерді тиімді игеріп келе жатқан шаруа жерден айырылады ғой. Аукционда ұта алмауы мүмкін. Сонда ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықты жерсіз қалдырып, тамырына балта шапқанымыз болмай ма? Сондықтан, егер шаруа жерді тиімді игеріп, шаруашылығын дамытып келе жатқан болса, мерзімін одан әрі ұзартуды қарастыру туралы ұсынысымызды жеткізіп отырмыз», - дейді Жигули Дайрабай .

Қорыта келгенде, Ауыл шаруашылығы министрлігі игерілмей жатқан жердің көлемін барынша азайту мақсатында жаңа технологияны пайдалана отырып, нақты іске кіріскенін жоғарыда айттық. Шаруалардың мүмкіндігін кеңейту арқылы ғана мол табысқа жететініміз айдан анық. Ендеше, ауылдың қамын ойлаған ел азаматтарының ісі ілгері болсын!

Соңғы жаңалықтар