Биыл 130 Балқаш тұрғыны баспаналы болады
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Балқаш қаласының әкімі Ораз Таурбеков тұрғын үй құрылысының қарқыны туралы айтып берді.
«Өткен жылы құрылыс қарқыны артты. 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп шаршы метр пайдалануға берілді. 120-дан астам тұрғын өз пәтерінің кілтін алды», - деді қала әкімі.
10-шағын ауданда 45 пәтерлі екі тұрғын үй салынды. Жеке инвесторлар 30 пәтерлік және 2 пәтерлік үй салды. Жеке тұрғын үй құрылысына бес мың шаршы метрден астам жер бөлінді.
Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 130 балқаштық баспаналы болады. Аз қамтылған және көп балалы отбасылар үшін 42 пәтерді жалға алуға қаражат бөлінді.
«Самал» шағын ауданының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жаңғыртуға қаржы салынды. Жақсартылған желілер 320 жер учаскесі мен екі білім беру мекемесіне өткізіледі.
Жер телімдерін бөлу жалғасуда. Биыл оларды кезекте тұрған 100 адам алады.