Биыл 10 мыңға жуық қылмыс көшедегі бейнебақылаудың көмегімен ашылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 9 айдың ішінде ел көлемінде бейнебақылау камераларының көмегімен 9913 қылмыстың беті ашылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі айтулы шаралардың бірі көпшілік орындарды жаппай бейнебақылау камерасымен қамтамасыз ету. Бейнебақылау камерасына түскен кез келген құқықбұзушылық фактісі сотта немесе тергеу кезінде дәлел ретінде қолданылады. Бейнебақылау жүйесі қылмыстың ізін суытпай ашуға, айғақтарды жинауға ғана емес, оның алдын алуға да көмектеседі. Қазіргі таңда республика аумағында 625 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қойылған. Оның 100 мыңға жуығы Жедел басқару орталығына тиесілі. Биыл 9 айдың ішінде бейнебақылау камерасының көмегімен республика бойынша 9 913 қылмыс ашылды», - деді Сәкен Сәрсенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министр орынбасары бейнебақылау камерасының көмегімен ашылған қылмыстардың бірін айтып өтті.

«Биыл 8 қыркүйекте, түнгі сағат 01:30 шамасында қонақтан келе жатқан Петропавл тұрғынының ұялы телефонын белгісіз біреу қолынан жұлып алып, мопедке отырып, сыбайласымен бірге қашып кеткен. Жәбірленуші қылмыскердің түрін байқап үлгермеген, есесіне оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Тәртіп сақшылары 18 және 15 жастағы екі жасөспірімді дереу ұстады. Ұрланған зат тәркіленді», - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандықтар ішкі істер органдарына қатысты 40 мемлекеттік қызметтің 38-ін автоматты түрде ала алады.


Соңғы жаңалықтар