Биыл 1 мыңнан астам ауыл жылдамдығы жоғары мобильді интернетпен қамтылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылдың соңына дейін 1000-нан астам ауыл жылдамдығы жоғары мобильді интернетпен қамтылады.

Бұл жайында ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Байланыс операторларымен өткізген бірқатар кездесулердің нәтижесінде маңызды құжатқа қол қойдық. Тұрғын саны 250 және одан да көп ауылдарға жоғары жылдамдықты мобильді интернетті жүргізудің жоспар-кестесін құрып, оны барлық өңірлермен келістік. Еліміз үшін маңызы зор жобаны операторлар өз қаражаты есебінен іске асырады. Бұл ауыл тұрғындары сапалы мобильді интернетпен қатар, электрондық қызметтерді, қашықтықтан оқыту және тағы басқараларын пайдалану мүмкіндігіне ие болады деген сөз. Елбасы және ел Президенті елді мекендерді сапалы байланыс қызметтерімен қамту жөнінде тапсырма берді. Бұл міндеттің «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгенін өздеріңіз білесіздер»,- деп жазды министр.

Оның атап өтуінше, осы жобаны жүзеге асыру үшін «Қазақтелеком» АҚ, «Кселл» АҚ», «Мобайл телеком-сервис» ЖШС және Кар-Тел» ЖШС меморандумға қол қойды.

«Байланыс операторлары ауылдық елді мекендерді мобильді байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету үшін желілерді бірлесіп құруға және жиіліктерді пайдалануға уағдаласты. Жауапты міндет үшін күш-жігер біріктіру - өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Операторлар жобаның картасын жақын арада жасауға уәде берді. Картаның көмегімен жобаның жүзеге асырылуын қадағалай аламыз», - деді Асқар Жұмағалиев.


Соңғы жаңалықтар