Биржаның дамуы бағаны нарық заңына икемдейді - маман

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасындағы биржа саудасын дамыту бағытының мән-маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биржалық бақылау департаментінің директоры Әсел Ортақбаева бұған дейін биржалық сауда-саттықтың экономикаға дендеп енуіне заңнаманың жетілмеуі кедергі болып келгенін айтады.

«Қазақстанда ұзақ жылдар бойы биржалық сауда-саттық нарығындағы жағдай ашықтықтың, тиісті ашық нарық бағасын белгілеудің және нақты сауда-саттықтың болмауымен сипатталды. Көптеген тауар биржаларында мәмілелер ресми түрде тіркелді, біз тауар биржаларының қызметін бақылағаннан кейін осындай қорытындыға келдік. Мәмілелер өте сирек жасалды, сайттар жұмыс істемеді, телефон нөмірлері жауап бермеді. Әрине, мұндай жағдайдың жасалуына биржалық заңнаманың жетілдірілмеуі ғана емес, сондай-ақ уәкілетті органдар тарапынан институционалдық бақылаудың әлсіздігі де ықпал етті», - дейді агенттік өкілі.

Ал биржалық бақылау департаментінің басқарма басшысы Бердібек Байтілеудің пікірі бойынша, биыл биржалық сауданы дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізілген.

«Биржалық комитет құрылып, нарық қатысушыларын биржалық сауда-саттыққа қатысу бойынша жаппай тегін оқыту ұйымдастырылды. Нақты сатушылар мен сатып алушылардың қатысуымен іскерлік ойындар өткізілді. Бұл жұмыс әрбір нарықтың ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, битум, бензин, авиакеросин сияқты жаңа биржалық тауарлардың биржалық саудаға кедергісіз кіруіне, коммуналдық-тұрмыстық көмірмен биржалық сауда-саттықты тікелей өңірлік операторларға шағын партиялармен ауыртпалықсыз қайта бағдарлауға ықпал етті», - деді басқарма басшысы.

Оның пайымынша, мұндай тәжірибе нарықтағы бағаны барынша объективті ете алады.

«Биржадан тыс бағалар биржамен салыстырылады және болашақта биржадан тыс бағалар биржаға жақын болады. Бұл нарықтағы баға жағдайын теңестіреді», - деді маман ҚазАқпарат тілшісіне берген мәліметінде.


Соңғы жаңалықтар