Бірыңғай кеден және салық кодексін қабылдау оңай жұмыс емес, алайда біз бұл істі жасауға тиіспіз - А.Перуашев
Еске салайық, Парламент сессиясының ашылуы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірыңғай салық және кеден кодекстерін қабылдауды тапсырған болатын.
Азат Перуашевтың айтуынша, Елбасының тапсырмасы негізінен уәкілетті органдарға қатысты болып отыр. «Қазіргі күні бұл қызметтер Мемлекеттік кірістер комитетінің құзыретіне біріктірілген. Сондықтан да екі бағыттағы жұмыстарды үйлестіру жүріп те жатыр. Сонымен қатар, бұл екі кодексті біріктіріп, сол арқылы салық пен кедендік саясатты ортақтастыру оңай жұмыс болмайтыны да анық. Өйткені, салықтық және кедендік түсімдердің фискалдық сипаты бар, әдістемелері де әртүрлі. Сондықтан да, ең бірінші кезекте осы екі бағыттағы мәліметтер базасын үйлестіру қажет, сол арқылы ақпараттарды да біріктіру керек. Дегенмен, жұмыстың күрделілігіне қарамастан, оны орындауға кірісуге тиіспіз», - деді А. Перуашев.