Біртанов отандық өкпені желдету аппаратының сынақ нұсқасын еуропалық баламасымен салыстырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық құрал-жабдық шығаратын қазақстандық «БАРК Технолоджи» кәсіпорнына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлемде өкпені жасанды желдету аппараты жетіспей жатқан кезде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандық кәсіпорындарға отандық медицина жабдығын шығаруды ұсынды. «БАРК Технолоджи» компания осы жазда еліміздегі жансақтау бөлімдеріне өзі жасаған өкпені жасанды желдету аппараты легін жеткізуді көздеп отыр.

Компания мәліметінше, конструктор бюросы бірнеше жылдан бері осы салада мамандандырылған санаттағы аппаратты жобалауды жүргізіп келеді. Оны шығару 2021 жылға жоспарланған. Алайда жаһандық пандемия және дағдарыс кезінде оны шығаруды бір жылға жылдамдату жөнінде шешім қабылданған.

Бас конструктор бөлімінде болашақ өкпені жасанды желдету аппаратының турбинасының жұмысы мен ауа жіберу үрдісі министрге еуропалық ӨЖА өндіруші лидер кәсіпорынның жабдығымен салыстырыла отырып көрсетілді.

Елжан Біртанов жасалатын тауар сапасы бойынша медицина мамандарының талабына сәйкес келсе және импорт баламаларына қарағанда бағасы төмен болса отандық өндірушіні қолдауға әзір екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар