Бірқатар өңірдің әкімдіктеріне санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту тапсырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында еліміздегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай, халықты жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, шетелдегі ҚР азаматтарын елге қайтаруды ұйымдастыру және басқа да өзекті мәселелер қаралды.

Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз баяндамасында кейбір өңірлерде қарантин шараларын жеңілдету коронавируспен ауырғандар санының көбейуіне себеп болғанын атап өтті.

Осыған орай, Премьер-Министрдің орынбасары Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары әкімдіктеріне өңір бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуына бақылауды күшейтуді, оның ішінде шектеу шараларын күшейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

«Өңір әкімдіктері санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Талаптарды орындамаған бизнес субъектілерінің қызметін анықталған кемшіліктерді орнына келтіргенше уақытша тоқтату қажет. Бұл шаралар азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды», — деді Ералы Тоғжанов.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов бірнеше нақты тапсырмалар берді.


Соңғы жаңалықтар