Бірқатар мемлекет елшілері Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бірқатар елдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшілері елімізді Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэсиктің айтуынша, Қазақстан бүгінгі күні маңызды жетістіктерге қол жеткізген жетекші елдердің бірі болып отыр.

«Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азиядағы гүлденген әрі дамыған мемлекет ретінде ғана емес, бүкіл әлемді бейбітшілік пен тұрақтылыққа жетелейтін үлгілі ел ретінде жоғары бағаланады. Мен Үкімет пен Қазақстан халқына керемет табыстары үшін зор құрметімді білдіремін!» - дейді Ким Дэсик.

Елшінің айтуынша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерік-жігермен, терең даналықпен қазіргі Қазақстанды құрған. Алғашқы жылдары елдің болашағы үшін жаңа Үкіметті жасақтаған.

«Мен Қазақстан халқының тәуелсіздік алғаннан кейінгі заманауи мемлекет құру процесіндегі сенімін байқаймын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын жаңа Үкімет жаңа көзқарас пен өркендеу саясаты арқылы елді ұлттық бірлік пен жарқын болашаққа жетелейтініне күмәнім жоқ », - деді елші.

Ол сонымен қатар 1992 жылы Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынастар орнағалы бері екіжақты қатынастар түрлі салаларда, соның ішінде саясат, экономика және мәдениетте бекіп келе жатқанын қосты.

«Қазан айында екі ел арасындағы сауда-саттық 3,3 миллиард долларға жетті. Бұл дипломатиялық қатынастар орнаған кездегі 10 миллион доллармен салыстырғанда 330 есе көп көрсеткіш. Корея инвестициясы 4 миллиард долларға жетті. Атап айтқанда, биыл екі ел арасындағы сауда айтарлықтай өсті. Екі ел арасындағы қатынастар өте тығыз дамып келеді. Бұл ретте Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығы шешуші рөл атқарды», - деді елші.

Елші үстіміздегі жылдың сәуір айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин екі ел арасындағы жаңа экономикалық ынтымақтастықтың «Салқын самал» атты жаңа бағдарламасына қол қойғанын еске салды.

Ал Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы табыстарын тізіп өтті.

«Тәуелсіздік күні барлық қазақстандық үшін өте маңызды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамуда да, демократиялық және саяси өзгерісте де таңғаларлық жетістіктерге жетті. Бұл жетістіктермен барша қазақстандық мақтануға толық құқылы. Елбасының дана басшылығының, саяси көрегендігінің арқасында Қазақстан қарқынды, ұзақ мерзімді даму жолына түсті. Бүгінгі таңда Қазақстан - Еуразия континентіндегі ең гүлденген, тұрақты, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Осы жылдар ішінде Қазақстан бейбітшілікті сүйетін, жауапты мемлекет ретінде халықаралық аренада өзінің беделіне ие болды. Аймақтық дағдарыстарды шешуге үлкен үлес қосты. Мысалы, Астана процесі шеңберіндегі келіссөздер алаңын ұсынды», - деді Чжан Сяо.

Сондай-ақ, елші Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, мен барша Қазақстан халқын мерекемен құттықтай отырып, бәріне бейбітшілік, бақыт, береке, ал республикаға өркендеу мен тұрақтылық тілеймін», - деді Ч.Сяо.

Үндістанның Қазақстан Республикасындағы елшісі Прабхат Кумар халқымызды құттықтай отырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығая түскенін атап өтті.

«Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен құттықтағаныма өте қуаныштымын. Үндістан мен Қазақстан арасындағы қатынастар ғасырлар бойғы тарихи және мәдени байланыстардың берік негізіне құрылған. Біздің елдер екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамытты, бұл өз кезегінде стратегиялық серіктестікке айналды. Біздің мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығайып, дами беретініне сенімдімін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен осы маңызды күні Қазақстан халқына ең жақсы тілектерімді жеткізгім келеді. Қазақстан ары қарай да өркендеп, екі ел арасындағы қарым-қатынас нығая түсер деп сенім білдіргім келеді», - деді Прабхат Кумар.

Францияның Қазақстандағы Елшісі Филипп Мартин де құттықтаудан тыс қалған жоқ.

«Франция тәуелсіздік күнін атап өтпейді. Өйткені мемлекет 1500 жылдан бері тәуелсіз. Ал Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғанына 28 жыл толды. Бостандық, тәуелсіздік, демократия және егемендік - тәуелсіздік ұғымын әркім өзінше түсінеді. Қазақстандық достар, мен сіздердің елдеріңіз біздің ел сияқты әрқашан тәуелсіз болғанын, тәуелсіздіктің жемісін көрулеріңізді тілеймін», - деді Филипп Мартин.

Айта кетсек, бүгін Қазақстан Республикасының тәуелсіз ел атанғанына 28 жыл толып отыр.

Соңғы жаңалықтар