Бірінші кезекте Жер кодексінің мораторийге қатысты мәселелерін қарау керек – Ақылбек Күрішбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқапарат – Экономикалық мәселелер бойынша жұмыс тобының отырысында бірқатар мәселе күн тәртібінен алынып тасталды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер реформасы комиссиясының отырысында экономикалық жұмыс тобының жетекшісі Ақылбек Күрішбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экономикалық мәселелер бойынша жұмыс тобының отырысына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тек Қазақстан азаматтарына беру мәселесі қаралды. Бұл мәселе күн тәртібінен алынып тасталды, себебі ол бойынша Мемлекет басшысының нақты саяси шешімі бар. Бұл проблема заң шеңберінде шешіледі, яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер тек қазақстандық азаматтарға беріледі», - дейді экономикалық жұмыс тобының басшысы Ақылбек Күрішбаев.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбағаны үшін салықты көтеру мәселесі де күн тәртібінен алынып тасталды.

«Себебі бұл мәселе бойынша 2020 жылғы 10 желтоқсанда салық мөлшерлемесін жиырма еселенген мөлшерде көтеруді көздейтін тиісті заң қабылданды. Сондықтан аталған мәселені Мұхтар Тайжанның ұсынысымен комиссияның қарауынан алып тастап, кейін біріңғай аграрлық салықты қарастыру аясында талқылау ұсынылды. Бұл ұсыныс жұмыс тобы мүшелерінен қолдау тапты. Қазіргі уақытта жер мәселесіне қатысты көп сұрақ келіп жатыр, оны қарауға ұзақ уақыт қажет. Қазіргі уақытта бірінші кезекте Жер кодексінің тек мораторийге қатысты мәселелерін қарасақ деген ұсынысым бар. Өйткені жаңа заң жобасын қабылдауға үлгермей қалуымыз мүмкін», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар